«Халифат сарбаздары» ұйымын құрғандар Қазақстан азаматтары болып шықты!
Автор: Ербол Сейілхан
09.11.2011
Атыраудағы екі бірдей жарылысты өз мойнына алған «Халифат сарбаздары» лаңкестік ұйымын құрғандар Қазақстан азаматтары болып шықты! Бұл туралы бүгін Бас прокуратура мәлімдеді. Қазіргі таңда ел ішіне ылаң салған радикалды топ басшысы Ауғанстан шекарасында бой тасалап жүрген көрінеді. Жәй жүрмей, өрімдей жастардың санасын улап, биліккке қарсы қойған. Жиһат ұйымдастыруға үгіттеген. Атыраудағы жарылыстар да аталмыш ұйымның нұсқауымен жасалыпты.
«Атыраудағы жойқын жарылысты біз ұйымдастырдық»деп жаһанға ғаламтор арқылы жар салған «Халифат сарбаздары» ұйымын құрып, оған жетекшілік еткен басқа емес, өз жерлесіміз боп шықты. Аты-жөні- Ринат Қабидолла. Сыбайластары да Орынбасар Мұнатов пен Дамир Ізінәлин деген жергілікті азаматтар. Бірақ ел ішін сыртта отырып-ақ бүлдірген олар қазір шетелде бас сауғалап жүр.
Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:
-Аталған тұлғалар қазіргі уақытта Ауғанстан-Пәкістан шекарасында бой тасалап және халықаралық террористер жағында ұрыс қимылдарына қатысып жүргендіктерін атап өту қажет.
Бұған дейін еліміздің арнаулы қызметі мұндай ұйымның бар-жоғына күмән келтірген болатын. Сөйтсек, жау алыстан келмепті. Биыл жазда ғана құрылған ұйым басшысы Атырауда жарылыс ұйымдастыру үшін сондағы адамдарына арнайы тапсырма берген. Оны бұлжытпай орындауға бұйрық алған радикалдық ұстанымдағы 23-28 жас аралығындағы төрт жігіт қызу іске кіріскен.
Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:
-30 қазан күні кешкісін Сагенов пен Усабеков жарылыс жасалуы мүмкін орындарға барлау жасаған. Сөйтіп, 2011 жылғы 31 қазан күні сағат 9-дар шамасында алдын ала бөлінген рөлдер бойынша Усабеков облыс әкімшілігінің жанындағы қоқыс контейнеріне кейіннен іске асырылған бомбаны салған. Ал Сұлтанғалиев көше сыпырушы болып, жарылғыш қондырғыны прокуратура ғимаратына апаруға тиісті болатын.
Көше сыпырушының кейпіне еніп, облыстық прокуратураның ғимаратын жаруға беттеп бара жатқанда 24 жастағы Бауыржан Сұлтанғалиевтің жасырған бомбасы кенеттен іске қосылып, жарты жолда өзі өлім құшты. Жоспарларының күл-талқаны шыққан оның үш сыбайласы іздерін жасырып үлгерген. Бірақ алысқа ұзамай қолға түсті. Аты-жөндері де белгілі болды. Олар - 25 жастағы Мейрамбек Усабеков, 23 жастағы Мирхат Қалқаманов және араларындағы ересегі, 28 жастағы Әлімжан Сагенов. Тергеу кезінде ұсталғандар лаңкестік әрекет жасамақ болғандарын толық мойындаған. Мынау сол Мейрамбек Усабековтың ғаламтордағы парақшасы. Интернет қолданушылары полиция іздеу жариялап,суретін ілген соң,оны жүзінен жазбай танып, жеке басына қатысты сан түрлі пікір білдіріп жатыр. Жас жігіт осы кезге дейін Атыраудағы жылу электр станциясында еңбек еткен. Тергеу материалдарына сүйенсек, қылмыстық топ жарылысқа бірнеше жылдан бері тыңғылықты дайындалған. Солтүстік Кавказдағы лаңкестердің бас идеологы болған Саид Бурядскийдің уағыздарын жиі таңдап, табыныпты.
Сонымен тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде Атыраудағы жарылыс алғаш рет лаңкестік әрекет ретінде бағаланды. Оны жасаған лаңкестік ұйым екені де ресми түрде расталды. Бір жанға бататыны – оны дінінен адасқан өз азаматтарымыздың қолымен жасағаны. Ал «Халифат сарбаздары» қатарын тағы да қанша қандасымыздың толықтырып жүргені әзірге беймәлім. Енді арнайы қызмет олардың жолын кесіп, белді мүшелерін ұстап, жазалауға «бар күшімізді саламыз»деп белді бекем буып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!