Тараздағы лаңкестік шабуылға байланысты жаңалықтардың арнайы шығарылымы
Автор: Нартай Аралбайұлы
13.11.2011
Кеше Таразда тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған жанкештінің жантүршігерлік әрекеті елдің есін алды. Ақпарат агенттіктері алғаш рет түскі сағат 2-лер шамасында алдымен түсініксіз жәйттерді жаза бастаған-ды. Бірақ басынан-ақ құрбан болғандар туралы айтылды. Тек бірер сағаттан кейін лаңкестік әрекет екені анықталып, оқиғаның мән-жайы белгілі болды.
Жамбыл облыстық ҰҚК екі қызметкері діни экстремизм бойынша күдік тудырған 1977 жылы туған Мақсат Қариев деген азаматты сыртай аңдып жүріпті. Тура осы кезде лаңкес кенеттен шабуылдап, екі офицерді өлтірген.
Сол сәттен кейін-ақ оқиға желісі тез өрбіді. Күндізгі сағат 11-лер шамасында қаскөй көшеде бір тұрғынның «Мазда» көлігін тартып алады. Абырой болғанда оның жүргізушісі аман. Араға жарты сағат салып, қару сататын дүкенге келген. Сол жерде күзетшіні атып тасап, дүкенде болған тағы бір клиентті ауыр жаралайды. Қажетті қару-жарағын алып, артына түскен екі полицейді де атып өлтірген соң үйіне қарай тартқан. Ол жерден алдын ала дайындап қойған гранатометін алып, ҰҚК-нің облыстық департаментіне қайта оралған. Құзырлы органның ғимаратын оқтың астан алады. Құдай сақтап, бұл жерде зардап шеккендер жоқ.
Бірақ лаңкес тағы ізін суытып үлгерді. Тағы да артына түскен 2 атты полиция қызметкерін жаралап. Тек түскі сағат 3-тер шамасында жол полициясының жеке батальоны қызметкерлері оны қолға түсірді. Сол кезде жанкешті Мақсат Қариев өз-өзін жарып жіберіп, қасында тұрған полиция капитаны Байтасов та көз жұмған. Және тағы бір сержант жараланды. Жалпы, атыстан, жарылыстан жанкештіні қоспағанда, 7 адам қаза тапқан. 5-уі құқық қорғау органының қызметкерлері, 2-уі кездейсоқ тұрғындар. Тағы 3 полиция қызметкері ауруханада жатыр. Кешегі оқиғадан кейін тұрғындар біраз үрейленіп қалды. Оның үстіне «әр жерде жарылғыш зат қойылған» деген әңгіме облыс орталығында көбейіп кеткен.
Тараздағы тыныштықтың тас-талқанын шығарған кешегі оқиғаның жай-жапсары әлі күнге құпия. 7 жанды жер жастандырған қылмыскерге қатысты қауесет қалада қаулап кеткен. Тараздың тарихына қара әріппен жазылатын қаралы күн.
Жарты тәулік қаланы кезіп жүріп, кезіккенге кезеп оқ атқан қылмыскерді тап басып табу қиын болды. Әккі лаңкес адам көп жүретін жерлерді жағалап, орайы келсе, оқ боратқан. Қаңғыған оқ тәнін тіліп өткен екі тәртіп сақшысы қазір Тараз қалалық ауруханасында төсекке таңылған күйі жатыр. Мәлік Молдақасов кеше өзіне тиесілі аумақты атпен аралап жүрген. Сол кезде қарсы алдынан қаланы үрей құшағында ұстаған Мақсат Қариев тап келіпті. Дереу қамбар ата түлігін атқан, артынша Мәлікке тапанша кезіп, қолын жараттаған. Ал атрульдік полицейлер қалада дабыл қағылғанына қарамастан, қарусыз жүрген.
Мәлік Молдақасов, Жамбыл облыстық ІІД қызметкері:
- Құлаған кезімде маған келген, мені тексерген. Мен «жоқ» дедім. Сол кезде әріптесім кеп қалды. Одан атты сұрады, ол бермей қойды.
Әріптесі әйтеуір аман, атылған оқтан ат үркіп, соны қуалап кетіпті. Ал санына тиген оқтан оңбай жаралған 40 жастағы Самат Алашев енді есін жиды. Айтуынша, жол полициясы көлігімен қылмыскерді қуалап келген. Алайда абайсызда жалт қараған ол, жүгіріп жеткен тәртіп сақшыларына оқты қарша боратқан.
Самат Алашев, Жамбыл облыстық ЖПБ қызметкері:
- Біз келгенде,ол қаша жөнелді. Сол маңдағы тұрғындар оның алған бағытын айтты. Алайда енді жете бергенімізде,ол қуыстан шығып,оқ боратты, әріптесім екеуімізді ауыр жаралады.
Дәрігерлердің айтуынша, дімкәс жандардың денсаулығы жақсарып келеді. Кеше жан сақтау бөліміне түскен олар бүгін жалпы палатаға шығарылды. Ал жаралған үшеудің бірі үйіне жіберілген. Дәрігер дегенмен тағы бір жіптің ұшын шығарды. Көргенін айтты.
Рақым Әбдірахманов, травматолог-дәрігер:
- Таңертең бір-екі мәйітті оқ дәрімен әкелді. Олар енді қандай жағдаймен екенінбілмеймін. Кешегі жағдайға байланысты ма?
Мүмкіннің мүмкіншілігі көп, өйткені дәл бүгін Тараздың темір жол бекетіне «жарылғыш зат қойылды»деген ақпар кеп түскен. Алайда бәрі біреудің қалтафонмен қылған қылжақбастығы боп шықты. Қаланы түгел бақылауға алған құқық қорғау орындары тұрғындардың құтын қашыратын еш ақпарды қалт жібермеуге тырысуда. Ал қауесеттің қауіптісі, яки Мақсат Қариев өзі сынды «жиһатшы топпен бірге тізе қосып әрекет етті дегені – жалған» -деп кесті полицейлер. Және әскер сапында өте мерген сарбаз ретінде еңбегі елегені бар екен. Алайда бұрыннан басбұзарлыққа әуес көрінеді.
Марат Қожаев, Жамбыл облыстық ІІД бастығының орынбасары:
- Бүгінгіге айтарым: ол кісі жалғыз болған. Қариев намаз оқыған, өзін дінге жақын деп айтып жүрген. Бірақ дін жанында жүріп арақ ішіп, балағат сөз айта бергені бар.
Бәлкім, қорқыныштан ада болды ма, әбден тығырыққа тірелгенде өз-өзін жарып жіберген. Қараша елдің қара басын аман сақтау үшін бомбаны кеудесімен қалқалаған тәртіп сақшысы Ғазиз Байтасов та сол сәт тіл тартпай кетті.
Байтасов пен өзге де қаза болған тәртіп сақшылары мемлекеттік наградаға ұсынылды. Марқұмдармен қоштасу рәсімі ертең Таразда түстен кейін өтпек. Ал қалада оқ боратқан Мақсат Қариевтің отбасы, ағайын-туысы түгел тергелуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!