Шымкенттік тұрғын әкімдікпен соттасып жеңіп шықты
Автор: Бекжігіт Мәуленов
18.11.2011
Шымкентте жергілікті тұрғын қалалық әкімдікпен соттасып жеңіп шықты. Нематолла Рахматоллаев қақпасының алдынан өтетін арық суы жерге сіңіп, соның салдарынан үйіне зақым келгенін айтып шағымданған. Және сол арықты бетондап, жөнге келтіру әкімдіктің міндеті екенін сотта дәлелдеді. Келтірілген 775 мың теңге шығынды жергілікті атқарушы билік өтеуі тиіс. Ал прокурорлар қаржыны қала бюджетінен емес, шенеуніктердің «өз қалтасынан төлетеміз» деп отыр.
Рахматоллаевтар отбасы жергілікті әкімдікпен бұған дейін екі рет соттасып, екеуінде де жеңіп шығыпты. Бірақ белгісіз себептермен сот шешімінің бірі өзгертілсе, бірі орындалмай қалған.
Ақсақал мен әкімдік арасындағы айтысқа арқау болған – арық Жауынды күндері толып, аққан су жерге сіңіп, жақын маңдағы үйлердің жертөлелерінен бір-ақ шығып отырған.
Арықтың арнасы осыдан екі жыл бұрын бетондалған. Оған дейін жерасты сулары сол маңдағы баспаналарды басып, біраз үйді зақымдапты.
Нематолла Рахматоллаев, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Мына жерге су толып кететін. Қаншама тас төктірдім. Көлшікті кешіп жүрмес үшін ауланы бетондадым.
Келген шығындарды өндіру туралы сотқа арызданған үй иелеріне екі ай бұрын сот жергілікті қазына есебінен 775 мың 700 теңге төлеутуралы қаулы шығарған.
Қалалық әкімдіктегілер қарапайым тұрғынға 800 мың теңгеге жуық қаражат қарыз боп қалғанын өздері де білмейтін болып шықты. Өйткені сот процесіне жергілікті атқарушы биліктің бірде-бір өкілі қатыспаған. Ал заң бөлімінің қызметкерлері үшін бұл тосын болды ма, тек іспен танысып шыққан соң ғана, «келесі аптада сұқбат береміз»деп отыр.
Жағдайды бақылап отырған прокурорлар қазынадан шыққан қаржыны шенеуніктердің өз қалтасынан қайтаруын «қолға аламыз»деп отыр.
Бақытжан Төлеев, Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары:
- Мемлекет мүддесінен жеке тұлғаларға қатысты өндірілген сомаларды сол мемлекеттік органдардың, сол оқиғаға тікелей кінәлі тұлғаларды анықтап, регресстік тәртіппен, төленген ақшаны қайтарудың мүмкіндігі бар.
Ал баршаның бас ауруына айналған «Шымкент» және «Жаңа шек» каналдарын бетондау жұмыстарына қалалық әкімдік келесі жылы қыруар қаржы сұрап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!