Сәбилерді өрттен аман алып шыққан тұрғындар марапатталмақ
Автор: Айжан Әлібек
21.11.2011
Сәбилерді өрттен аман алып шыққан Павлодар қаласының үш тұрғынын Төтенше жағдайлар министрлігі жасаған ерліктері үшін марапаттамақ. Оқыс оқиға демалыс күндері болған. Ішімдікке тойып алған әкелерімен қалған 2 және 4 жастағы Әдлен мен Арнұр Майдановтар пәтерде от тұтанған кезде жылап, көмекке шақырған. Иіс тиген бүлдіршіндерді көршілері балкон арқылы сыртқа шығарып үлгеріпті. Балғындарды өлімнен құтқарып қалған азаматтармен тілшіміз Айжан Әлібек кездесіп қайтты.
Базарлығын ала келген азаматтарды бөтенсінбеген бүлдіршіндер енді оларды туысынан бетер жақын тартады. Себебі,қызыл жалынға оранған пәтерде қамалып қалған Әдлен мен Арнұрдың шырылдаған дауысын естіп, көмекке келген. Темір есікті бұза алмасын түсінген үш жігіт пәтерге балконнан кіріп, иіс тиген бүлдіршіндерді алып шыққан.
Марат Жұмакешов, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Бір ғана амал болды - балкон. Жылдамдатып, кезектесіп тұрып алдық, Сашкаға бердім, Сашка үстінде,балконда болды.
Жедел жәрдем жеткенше, Марат Жұмакешов пен Александр Фергалюк есінен таңған сәбилерге жасанды дем берген. Ал Андрей Куринный төтенше жағдайлар қызметкерлерін күтпестен, өз бетінше тілсіз жауды ауыздықтауға кірісіпті. Жанып жатқан жиһазды сыртқа лақтырам деп, аяғын да жаралап алған. Кейін анықталғандай, тілсіз жау тұтанған кезде пәтерде сәбилердің әкесі де болған. Бірақ, удай масбоп, ұйықтап жатыпты.
Серік Қошқарбаев, Павлодар облысы ТЖД бөлім бастығы:
- Пәтерді жалға алған азамат, әрі осы сәбилердің әкесі өртшыққан кезде мас болғаны анықталды. Соның кесірінен екі сәби де, өзі де жазым бола жаздады.
Жергілікті кәсіпорындардың бірінде жұмыс істейтін Марат Жұмакешов, Александр Фергалюк және Андрей Куринный бұл әрекеттерін ерлік емес, «азаматтық парыз»деп біледі.
Аман қалған сәбилер бүгін үйлеріне жіберілмек. Ал ажал аузынан құтқарып қалған қарапайым жұмысшыларды марапатқа ұсыну туралы төтенше жағдайлар қызметі министрлікке арнайы хат жолдапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары