Сайлау қарсаңында кейбір партиялар қулыққа көше бастады; Мұхтар Шаханов Мәжіліске қайта орала ма?
Автор: Ербол Сейілхан
21.11.2011
Жұлдызды кандидаттар! Мерзімінен бұрын өтетін Мәжіліс сайлауында кейбір партиялар қулыққа көше бастады. Қатарларын елге танымал тұлғалармен толықтырып, саяси ұпай жинауға көшкен. Алдағы сайлауда өздеріне электорат тарту үшін саяси партиялартағы басқа қандай тосын әрекеттерге баруы мүмкін? Бұл сауалға астаналық тілшіміз Ербол Сейілхан жауап іздеп көрген еді.
Сайлау мерзімінің уақыты белгілі бола сала, «Руханият» тосын саяси жүріс жасады. Партия төрағасы Серікжан Мәмбеталин өзін ел етене тани бермейтіндігін сезді ме, қайдам, қатарын Алты Алаш тегіс ардақ тұтатын бірегей тұлға Мұхтар Шахановпен толықтырды. Ұлтының болашағы үшін шырылдап жүрген ақын өзі құрған Халық рухы» партиясын билік тіркемеген соң,«Руханиятқа» өтуге мәжбүр болдым»дейді. Енді сайлауға түсіп, Мәжіліске қайта оралмақ.
Мұхтар Шаханов, ҚР халық жазушысы:
- Қазір демократия «жемократияға»айналып кетті, депуттаттардың бәрі «жепутатқа»айналып кетті. Міне, осындай кезеңде елдік ұлттық мүддені қайтеміз?! Міне осы үшін ғана менің жаным ауырады. Менде жеке мүдде жоқ. Бұл сайлауға түссем, ұлтты сақтау үшін, ұлттық рухты, тілді сақтау үшін барамын.
Белсенділігі тым артып шыға келген партиялар аламан додада топ жару үшін аянып қалмақ емес. Мемлекеттік тілде екі ауыз сөздің басын әрең құрайтын Ғани Қасымов Президент сайлауында қазақша ән салғаны да есте. Биыл да «зор дауысты» генералдың «Патриоттары» «қолдан келгеннің бәрін жасауға әзірміз»дейді.
Ал «Әділеттің» жетекшісі Мақсұт Нәрікбаев қарсыластарынан қалыспақ емес.
Мақсұт Нәрікбаев, «Әділет» партиясының төрағасы:
- «Қаражорғаны» билейтін шығармыз. Қарқынды дайындалып жатырмыз.
Коммунистер де тас-түйін дайындалып жатыр. Қарсыластарын шаң қаптыру үшін каратэден қара белбеудің иесі - Жамбыл Ахметбековті алға қоймақ. Десе де олар үшін арзан жарнама жат секілді.
Жамбыл Ахметбеков, ҚХКП Орталық комитетінің хатшысы:
- Ойламаған жерден стақан сындырып, ондай пиар жасамаймыз. Өтірік істер жасап, халық алдында мәймөңкелемейміз. Тек сайлауалды бағдарламамызды жасап, шынайы іспен, халықты өзімізге сендіруіміз керек.
Күтпеген жерден «Нұр Отаннан» шығып, «Ақ жолдың» тізгінін қолға алған Азат Перуашевтің жұмысы қазір қауырт. Ол партиясының беделін көтеріп, жанынан жүзі танымал тұлғаларды топтастырып, «арзан ұпай жинамаймын» деп отыр.
Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясының төрағасы:
- «Ақ жол» партиясы бөлек, жұлдыздардың партиясы емес. Қатарлы адамдардан құралған халықтың партиясы. Әрине,белгілі адамдар болуы мүмкін, бірақ атақ іздеп жүрген адамдар емес.
Дегенмен «Нұр Отан» да құрамын жұлдыздармен толықтырып жатыр. Бүгін билік партиясының құрамына Бибігүл Төлегенова бастаған бір топ әнші, артистер мүшелікке қабылданды.
Ал Орталық сайлау комиисиясында күнде жиын. Сайлаудың өткізілу,тіркелу тәртібін түсіндіріп әлек. Бірақ әзірге Орталыққа бірде-бір партиядан ресми түрде өтініш түспепті.
Сонымен, 15 қаңтарда өтетін саяси додаға дайындық қыза түсті. Партиялар сьезд өткізуге әзірленіп, кандидаттарын іріктеп жатыр.Бір-бірімен жайлы орынтаққа таласқандардың еншісінде әлі екі ай бар. Бірақ,қызықтың көкесі сайлауалды үгіт-насихаткезінде басталуы әбден мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!