Өскеменде маскүнемдер санитарларға шабуылдай бастады
Автор: Эльмира Ахметова
21.11.2011
Өскемендегі айықтыру орталығындағы медициналық қызметкерлері өмірлерін қауіп-қатерге тігуде. Өйткені екі ай бұрын аталмыш мекеме Ішкі істер органынан Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына өткен. Содан бері бұл жерден тәртіп сақшылары алынып тасталды. Енді ішімдікке тойып, ес білмей осында түскендерге төтеп беруге мейірбикелер мен санитарлардың шамалары келмей жатыр. Тіпті маскүнемдер бір санитарды қылқындырып, енді бірінің мұрнын бұзыпты.
Айықтыру орталығының санитар маманы Болат Қияшев маскүнемдермен сағат сайын «жекпе-жекке» шығады. Елірген ішкіштер медициналық қызметкерлерді адам құрлы көрмей, мекеменің ішінде ойран салады. Тіпті кабинеттердің есіктерін тепкілеп, санитар мамандарға күш көрсетуге дейін барады.
Болат Қияшов, Өскемен қалалық уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығының санитар маманы:
-Палатаның есігін жауып жатқанда артынан келіп қылқындырады. Осындай жағдай ана жолы болды. Дәретханаға сұранып шыққан, дене бітімі ірі жігіт екен. Есікті жауып жатқанда артымнан келіп қылқындырды.
Бұрын Ішкі істер министрлігінің құзырына қараған орталық енді қалалық Денсаулық сақтау министрлігінің еншісінде. Өзгеріске сәйкес, полиция қызметкерлерінің жұмысы ішімдікке тойып алғандардың бәрін осында әкелумен ғана шектеледі. Әрі қарай тентек су ішкен азаматтың әрекетіне олар жауап бермейді. Ең сорақысы, 17 қызметкердің тең жартысынан көбі әйелдер. Нәзік жандылар олармен шамалары жеткенше арпалысып келеді.
Гүлмира Қаймолдина, Өскемен қалалық уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығының аға мейірбикесі:
-Полицейскилер бұрын кезекші болатын, ал қазір әкеп тастайтды да, өз жұмыстарына кетеді. Ешкімді қорғап жатқан жоқ...
Енді айықтыру орталығын қарамағына алған Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің жауабы қысқа болды. Олар тек жоғарыдан пәрмен күтіп қана отыр.
Сергей Попов,ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:
- Құзырлы орындарға хат жібердік, жекеменшік күзет мекемесінің күзетшілерін жалдау үшін қосымша қаржы қарастырылуда. Шамамен, екі аптада шешіліп қалады, оған дейін жайсыз жағдай бола қоймас.
20 адамға арналған аталмыш жерде мейрам күндері түнеушілер саны 3 есеге артады. Өйткені бұл Өскемендегі жалғыз айықтыратын орын. Сондықтан ішімдік ішкендердің ортасында қалатын медициналық қызметкерлердің өмірі қауіпке толы. «Мәселе жедел арада шешілмесе, соңы қайғылы оқиғамен де аяқталуы мүмкін», - дейді санитарлар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!