Альберто Контадорға қатысты допингілік дау-дамай қайта қаралмақ
Автор: Елдос Қамбалиев, Төлеген Жұмабек
22.11.2011
Буэнос-Айресте жасөспірімдер арасында бессайыстан әлемнің кезекті чемпионаты жалауын түсірді. Осы сынға қатысқан Қазақстан құрамасы әлемдік додадан жүлдесіз қалған жоқ.
Арина Жиенбаланова мен Ксения Александрова ақтық доданың ортасынан табылса, Павел Ильяшенко ел қоржынына күміс медаль салып берді. Жерлесімізден 20 ұпай артық жинаған британиялық бессайысшы Джеймс Кук тұғыр төріне көтерілсе, чемпионаттың қола жүлдесі германиялық Александр Нобистің еншісіне бұйырды. Соңғы жылдары спорттың талмыштүрінен бағымыз да бабымыз да шаппай жүргенін ескерсек, маусым бойы біркелкі нәтиже көрсетіп келген Павел Ильяшенконың бүгінгі жеңісі біз үшін үлкен сый болды.
Кезінде отандық велоклуб “Астананың” сапында жарқыраған “Тур де Франстың” үш дүркін жеңімпазы Альберто Контадордың басына төнген қара бұлттың сейілетін түрі жоқ. 2010 жылы әйгілі велошабандоздың ағзасынан тыйым салынған препарат табылғаны есімізде.
Осы іске тікелей араласқан Испания велоспорт федерациясы Контодорды ақтап алғандай болған. Бірақ мұнымен келіспеген Бүкіләлемдік антидопингілік агенттік пен Халықаралық велошабандоздар одағы спорттық арбитраждық сотқа қайта шағым түсірді. Нәтижесінде Альберто Контадорға қатысты допингілік дау-дамай қайта қаралатын болып шешілді. Дүйсенбі күні өткен алғашқы тыңдауға қатысқан велошабандоз БАҚ өкілдерімен кездесуден бас тартты. Егер Альберто Контадордың тыйым салынған препаратты пайдаланғаны толығымен дәлелденсе, онда әйгілі велошабандоз 2010 жылғы “Тур де Франстағы” чемпиондық атағынан айырылады.
Әлемнің бірінші ракеткасы серб Новак Джокович Лондонда өтіп жатқан жылдың қорытынды додасын сәтті бастаса, британдық Энди Маррэй алысқа шаба алмады.
Тура екі сағатқа созылған матчтың нәтижесі бойынша испаниялық теннисші 4:6 , 5:7 есебімен Давид Феррерге жол берді. Кездесу барысында дәрігердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған Маррэй, ойын соңынан Лондондағы жарысты тоқтататыны жөнінде мәлімдеме жасады. Турнир ережесіне сәйкес жарыстан бас тартқан теннисшіні қосалқы ойыншы алмастыруы тиіс. Ендеше “А” тобында өнер көрсеткен Маррэидің орнын сербиялық шебер Янко Типсаревич басатын болады. Ал, осы топтың лидері Новак Джокович екі жарым сағатқа жалғасқан тартыста чех Томаш Бердыхтан басым түсті. Есеп - 6:2,3:6, 7:6.
Бүгін түнде футболдан чемпиондар лигасының топтық кезеңінің 5-тур ойындары өтеді. Осы күннің орталық матчында “Наполи” өз алаңында“Манчестер Ситиды” қабылдамақ.
Екі клуб та еурокубок жолындағы жорығын сәтті бастаған болатын. Италиялықтар екінші турда өз алаңында “Вильярреалды” тізерлетсе, “Манчестер Ситиде” испандық клубтан қос бәсекеде де басым түскен. Енді бұл командалар өзара «А»тобындағы екінші орынды сарапқа салмақ. Роберто Манчини жаттықтыратын манчестерлік клуб толық құрамымен ойынға дайын. Өз кезегінде сөз алған осы команданың белді ойыншысы Давид Сильва сырт алаңда үш ұпай еншілейтіндеріне сенім білдірді. Ал Эдисон Кавании бастаған неапольдықтарға ұпай ауадай қажет. Өйткені осы жолы басты қарсыласына есе жіберсе, Вальтер Маццерри шәкірттері турнирден тыс қалады. Осы топтағы өзге кездесуде “Бавария” Альянс Аренада “Вильярреалдан” сынақ алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!