Суыт хабар астаналық прокурорларды біраз әбігерге салды
Автор: Ербол Сейілхан
22.11.2011
«Бомба қойылды» деген суыт хабар астаналық прокурорларды біраз әбігерге салды. Белгісіз біреу полицияға қоңырау шалып, санаулы минуттардан соң прокуратура ғимаратының күлі көкке ұшатынын айтқан.
Бірақ телефон лаңкесі мекен-жайды нақтыламапты. Сондықтан құтқару қызметтері аяғынан тік тұрып, тексеруді алдымен Бас прокуратура ғимаратынан бастады. Ештеңе табылған жоқ. Әйтсе де суыт хабардан секем алған полиция елордадағы барлық аудандық прокуратура шоғырланған ғимаратты да тексеріп шығуды жөн деп тапты. Сөйтіп бұл жерді де бастан аяқ ақтарып шыққан саперлер ешқандай жарылғыш зат тапқан жоқ. Енді тәртіп сақшылары құтқару қызметтерін қып-қызыл шығынға батырған «қылжақбасты» іздеп жатыр. Өйткені прокуратурадан кейін де ілі-шала, теміржол вокзалында да бомба қойылғаны хабарланған. Айта кетейік, соңғы айларда еліміздің күш құрылымдары мен мемлекеттік мекемелерге «жарылғыш зат қойылды»деп жұрттың құтын қашыру жиілеп кеткен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары