Елдегі дәрі-дәрмек жүйесі толығымен бір қалыпқа түсті
Автор: Ғабит Ұзақбай
25.11.2011
Елдегі дәрі-дәрмек жүйесі толығымен бір қалыпқа түсті. Осындай нәтижеге жету үшін президент жарлығымен «Самұрық Қазына - Фармация» серіктестігі құрылған болатын. Қазір бұл серіктестік ұлттық дәрілік саясатты одан әрі жетілдіру жолында жаңа жобаларды іске асыруды қолға алып отыр. Осы мақсатта бүгін Астана қаласында халықаралық конференция ұйымдастырылды.
Еліміздің медициналық мекемелеріне жылдам,әрі сапалы дәрі-дәрмек жеткізудің жаңа жүйесі қалыптасты. Бұрынғыдай ортадағы көптеген делдалдар арқылы емес, әрбір амбулатория мен аурухана «СК-Фармацияға» тікелей тапсырыс бере алады. Ол үшін жақын арада дәрі дәрмек қоры және тапсырыс беру мен қабылдау үшін арнайы интернет сайт та жұмыс істейтін болады.
Сыздық Баймұқанов, «СҚ -Фармация» ЖШС Бас директоры:
- Ең бастысы, бұл жерде жалпы процесі анық және айқын болмақ. Яғни ең соңғы тұтынушыдан бастап, дәрігер, Денсаулық сақтау министрлігіне дейін мемлекет қаржысының қалай жұмсалып жатқандығын бақылай алады.
«СК-Фармацияның» дәрі-дәрмек қоры алдын ала жарты жылға жетіп отырады. Қазір еліміздің әр түкпірінен түсетін барлық сұраныстар толығымен орындалуда. Оның үстіне жыл өткен сайын әрбір азамат үшін бөлінетін қаржы көлемі де артып келеді.
Берік Шәріп, «СҚ Фармация» ЖШС басқарушы директоры:
- 10 жыл бұрын Қазақстан экономикасында көп қиындықтар болды. Әлеуметтік салаға аз ақша бөлінді. Ол кезде бір адамға 20 доллар көлемінде дәрі-дәрмек сатып алынды. Қазіргі кезде төрт есеге өсті, 81 доллар болады.Жақында бұл екі есе көбейеді.
«СК-Фармация» арқылы дәрі-дәрмекті қажет орынға тікелей жеткізудің арқасында қазынаның қомақты қаржысы үнемделе бастады. Мысалы, соңғы бір жыл ішінде мемлекет тоғыз жарым млрд теңгені үнемдеген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!