Қазақ есімдерін дұрыс жазудың жаңа үлгісі ұсынылуда
Автор: Құралай Пионер
29.11.2011
Қазақ есімдерін дұрыс жазудың жаңа үлгісі ұсынылуда. Оған сәйкес, қазақ азаматтарының төлқұжаттары қосымша -ов, -ев, -вич және -вна жұрнақтарынан біржола айырылатын болады. Сондай-ақ азаматтардың аты-жөні толық қазақ әріптерімен басылуы тиіс. Тіл мамандарының бастамасымен қолға алынып жатқан шара егер заң тұрғысынан қабылданса, келер жылдың басынан бастап толық жүзеге асырылуы мүмкін.
28 жастағы Ернұр Орнықбайұлы -ов, -ев, -вич пен –вна сынды қосымша жұрнақтардың аты-жөнінен алып тастауды қос қолдап жақтайтындардың бірі. Бүгін Халыққа қызмет көрсету орталығына келуінің де себебі осы.
Ернұр Орнықбайұлы:
- Мен мына ұлттық талапқа сай, –ов, -вич дегендерді алып тастап, өз аты-жөнімді қазақша жазғызу үшін келдім. Мәселен, менің фамилиям Әубәкіров Ернұр Орнықбаевич, бірақ Әубәкір Ернұр Орнықбайұлы етіп алғым келеді.
Ернұр сынды атының қазақшалануын қалап, Халыққа қызмет көрсету орталығына күніне орта есеппен оннан астам адам келетін көрінеді. Сондықтан азаматтардың талап-тілектерін ескере келе, қазір Әділет министрлігі мен Тіл комитеті бірлесе қазақ есімдерін рәсімдеудің жаңа ережесін қарастырып жатыр. –Ов, -ев-тен құтылу әсіресе лингвистердің көптен күткен арманы.
Кенжетай Күркебаев, Филология ғылымдарының қандидаты, доцент:
-Тәуелсіз ел атанған тұста өз атымызды қазақиландыруға құқымыз бар шығар. –Ов, -ев-ті алып тастап, «ұлы», «қызы» деген дұрыс деп білеміз.
Десе де төлқұжаттағы қазақ есімдерін бірізділікке түсіру мақсатында лингвистердің ұсынып отырған үлгісі екеу. Біріншісі- атыңыз бен әкеңіздің ғана есімін алуға болады. Екіншісі- тегіңіз, атыңыз және әкеңіздің атына «қызы» немесе «ұлы» деген қосымша жалғанады. Алайда бірінші үлгі дәл сіздің есіміңіз тәрізді адамдардың кездеспесіне кепіл бермейді.
Аты-жөніңіздің қайталанбасына, оның Қазақстанда сирек кездесетініне сенімді болсаңыз, онда бірінші үлгіні таңдауыңызға толық құқыңыз бар. Мәселен, менің әкемнің аты – Пионер, атым – Құралай. Бұндай аты-жөннің қайталанбасына мен сенем. Әрі –ов, -ев-тен де адамын.
Яғни, жаңа ұсыныс бойынша баяғы –ов, пен –ев жұрнақтары қазақ азаматтарының есімдерінен мүлдем алынып тасталуы керек. Бірақ аты-жөніңіздің дұрыс, әрі талапқа сай жазылуын қадағалаушы мамандар оның әр азаматтың өз конституциялық құқына сай жүргізетінін айтады. Яғни әзірге өзгертуге ешкім шектеу қоймайды. Қазір бұл жоба жЖоғарғы паталатының қарауында жатыр. Жаңа ереже Мәжіліс сайлауынан кейін қабылданып қалуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!