Жүргізуші мен үш жолаушы оқиға орнында тіл тартпай кетті
Автор: Олжас Нұрекенов
29.11.2011
Шығыс Қазақстан облысында ірі жол апаты болып, соның салдарынан 4 адамның өмірі қиылды. Қайғылы оқиға Семейден шыға беріс жерде орын алды. Омбы-Майқапшағай күре жолының бойында «Тойота»маркілі екі жеңіл автокөлік бетпе-бет соғылған.
Жапондық темір тұлпарлардың бірінде болған жүргізуші мен үш жолаушы оқиға орнында тіл тартпай кетті. Олардың арасында емшектегі нәресте де бар. Көлікте отырған тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілді. Қарсы келген автокөліктің тізгінін ұстаған жүргізуші мен жолаушысы түрлі дәрежеде жарақат алып, оларға жергілікті ауруханада медициналық жәрдем көрсетілуде. Аталған оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, қылмыстық іс те қозғалды.
Аймақта ауа райы күрт бұзылған. Боран мен көктайғақта көліктердің бірі жолдың қарсы бетіне шығып кетіпті.
Талғат Дүйсенбаев, Семей қалалық ІІБ бөлім бастығы:
- Жол апатына жүргізушілердің жол ережесін қатаң сақтамауы себеп болған. Олар жолдағы көктайғақ пен боранды ауа райын ескермей, жылдамдықтарын асыра жүреді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!