Бішкекте қылмыскерлердің қолынан тағы бір отандасымыз мерт болды
Автор: Бекзат Жүсіп
29.11.2011
Бішкекте қылмыскерлердің қолынан тағы бір отандасымыз мерт болды. Бес белгісіз адам кәсіпкер Нұрлан Кенжебековтің пәтеріне баса- көктеп кіріп, оны өлімші етіп соққының астына алған. Жұбайын, қызы мен ұлын да аямапты. Қатты соққыдан 50 жастағы кәсіпкер оқиға орнында көз жұмған. Қандықол қарақшылар үйде тұрған 2 мың долларды, алтын бұйымдар мен ұялы телефондарды қолды қылып тайып тұрыпты.
Қарақшылық шабуыл кеше таң ата болған. Есік алдына шыққан Нұрлан Кенжебековке бетперде киген бес жігіт бас салған. Әйелі мен балаларын байлап тастап, кәсіпкердің өзін тепкінің астына алыпты.
Бүгін белгілі болғандай, екі күдікті қолға түскен. Қалғандарына іздеу жарияланды.
Айнұр Даулетбаева, Бішкек қаласы ІІД баспасөз қызметінің аға инспекторы:
- Біздің қызметкерлердің шұғыл іздестіру шараларының нәтижесінде аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 1984 жылы туған екі азамат ұсталды.
Бұл Қырғызстандағы Қазақстан азаматтарына жасалған бірінші шабуыл емес. Жазда Ыстықкөлге демалуға барған қандасымыз Нұрлан Балмахаев та жергілікті бұзақылардың қолынан қаза тапқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары