Ақтауда баспаналарына қол жеткізе алмай жүрген жетімдер аштық жариялады
Автор: Олжас Байжан
09.10.2012
Ақтауда жұмыс пен баспанадан таршылық көрген жетімдер үйінің түлектері аштық жариялады. Заң бойынша берілуі тиіс пәтерлерге осы күнге дейін қол жеткізбедік деген 6 бала осылайша наразылық танытуда. Оның үстіне ата-ана қамқорлығын көрмегендер жетімдер үйінен шыққан соң не оқу, не дұрыс жұмыс таба алмапты. Аштық жариялайтындығын осыдан 10 күн бұрын мемлекеттік органдар мен Бас прокуратураны хабардар еткеніне қарамастан бас сұққан бір тірі жан жоқ.
Ата-ана алақанының жылуын сезбей, қамқорлық көрмеген Маңғыстау облыстық балалар үйінің мына 6 түлегі бүгіннен бастап тамақтан бас тартып, аштық жариялады. Осындай шараға баруға жергілікті шенділердің әрекетсіздігі итермелеген көрінеді. Себебі жетімдер үйінен шыққалы талай жыл болса да, әлі күнге заңды көмектеріне қол жеткізе алмай жүр.
Азамат Дыбысов, Маңғыстау балалар үйінің түлегі:
- Оқуды да бітірдік, жұмыс жоқ, үй жоқ, жасымыз 25-ке келіп қалды. Басымызда үйіміз, қарапайым жұмыс жоқ. Үй құратын уақыт келді.
Бастарына пана болған жалдамалы пәтердегі бос тоңазытқыш пен тартпалар үйреншікті жағдайға айналған. 20 мың теңге шәкіртақы жыртықты жамауға жетпейді. Ал оқуды бітіргеннің өзінде көптеген мекемелер жұмысқа алудан бас тартқан.
Бекзат Досжанов, Маңғыстау балалар үйінің түлегі:
- Арнайы кәсіптік біліміміз бар болғанымен, жұмыссыз отырмыз. Бізді адам санатына да қоспайды көбі. Аула сыпыру немесе коммуналдық қызметке орналас деп шығарып салады. Онда несіне біз колледжді аяқтадық.
Ең қиыны жетімдер жақын арада осы пәтерді де босату қажет. Ал заң бойынша тиесілі пәтерлермен шенділер осы күнге дейін қамтамасыз етпепті. Барар жер, басар тау қалмаған жігіттер аштық жариялап, наразылық білдіруден басқа амал жоқ деп отыр. Қойған талаптары-тиісті баспана беріліп, жұрт қатарлы оқу орнына түсуге және жұмысқа орналастыруға көмектесу. Бірақ облыстық білім басқармасындағылар бұл талаптардың орынсыз екендігін алға тартуда.
Динара Жұмашева, Маңғыстау облыстық білім басқармасының бастығы:
- Бүгінгі таңда олардың аштық жариялауы әлеуметтік жағдайына ешбір негізі жоқ. Балалар өздерінің таңдауымен тиісті оқу орындарына түсірдік. Қаншама баланы жұмысқа орналастырып отырмыз. Орналастырғандардың жартысынан көбі жұмыстан шығып кетіп отыр. 50-60 мың теңге алатын жұмыстан да бас тартқан. 100 мыңнан кем емес болатын жұмыс тауып беріңіз деген талап қояды.
Қойылған талаптар орындалмайынша 6 жетім наразылық шарасын тоқтатпаймыз деп бекінген. Бас прокуратураға 10 күн бұрын хат жолдағандарымен, араласқан тірі жан табылмапты. Айта кетерлігі соңғы 5 жылда тәртіп бойынша берілуі тиіс пәтерлерді балалар үйінің бірде-бір түлегі алмаған. Ал биыл осы мәселені шешу үшін кезекті 65 млн теңге бөлініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!