Серік Сапиев үлкен спортпен қош айтысты
Автор: Төлеген Жұмабек, Елдос Сапарғали
04.12.2012
Бокстан екі дүркін әлем чемпионы және биылғы Лондон Олимпиадасының қаһарманы Серік Сапиев үлкен спортпен қош айтысты.
Мұндай шешімге баруға спортшының омыртқасындағы ескі жарақаттарының ушығуы себеп болған. 29-жасар Серік Қарағанды облысының Абай қаласында дүниеге келген болатын. Жастайынан жоғары нәтижеге қол жеткізген шебер 2005 және 2007-ші жылдары әлем чемпионы атанса, 2012-ші жылы Лондон шаршы алаңында атой салғаны әлі есімізде. Әзірше боксшының алдағы жоспары белгісіз.
Астанада аралас жекпе-жектен үлкен спорт кеші өтті. Бұл күні темір тор ішінде ММА-дің нағыз жауқыран жігіттері сынға түсті. 65 келі тартатын майталмандар панкратион жекпе-жегі бойынша әлем чемпионы атағын сарапқа салса, қалған салмақтардағы үміткерлер Еуразия кубогы үшін таласты.
Кәсіпқой панкратионның халықаралық Азия лигасы аясында өткен жарысқа Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстанның сарбаздары қатысты. Ресей намысын Шешенстан, Ингушетия және Саха елінің құрамалары қорғаса, қырғыз ағайындар Астанадағы додаға қос команда қосыпты. Олардың қатарын Қазақстанның сегіз облысынан жиналған мықтылар толықтырды. Аса ауыр салмақта Еуразия кубогының иегері атанған «Алаш Прайд» клубының түлегі Шахмарал Жетпісовтің өнері жақсы әсер қалдырды. Астанадағы кешке әсіресе 65 келідегі чемпиондық бәсекелер ерекше көрік берді. Мұнда аралас жекпе-жектің түр-түрінен алдына жан салмай жүрген жиырма сарбаз сайысқа түсті. Жол-жөнекей «Вайнах» клубының қос қыранын жайратқан «Алаш-Прайдтың» тастүлегі Ержан Естанов ақтық сында джиу-джитсудан әлем чемпионы Қанат Досманбетовті алып ұрды.
Бокс королі-Мұхаммед Әли! Дүние жүзілік бокс кеңесі әйгілі спортшыға осындай мәртебелі атақ беруді жөн санапты.
Өз заманында қарсылас шыдатпаған Мұхаммед Әлидің табысы толағай. Ол 1960-шы жылы Олимпиада чемпионы атанған. Сондай-ақ жартылай ауыр салмақта бірнеше дүркін әлем чемпионы да болған. Үлкен спорттан кетсе де қайырымдылық пен қамқорлықты ұмытпаған шаршы алаң шебері бұған дейін де көптеген атақпен мараппатталған еді. Арнайы кеште халықаралық федерация өкілдері Әлиге бағалы тастармен көмкерілген тәж кигізіп, алтын белбеу табыстады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!