Медициналық мекемелерге қондырғыларды лизинг арқылы сатып алуға болады
Автор: Гүлнұр Имандосова
04.12.2012
Елімізде ауруханаларда тұрған медициналық қондырғылардың төрттен бірі ескіріп кеткен. Осы ескі-құсқы құрал-жабдықтардың орнына жаңасын алу үшін медициналық мекемелер өзіне қажетті құрылғыны лизингке рәсімдеуге мүмкіндік алып отыр. Яғни, бұдан былай ауруханаларға медициналық қондырғаларды сатып алу үшін тендер өткізудің қажеті жоқ. Бұл туралы бүгін Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында Денсаулық сақтау вице-министрі мәлім етті.
Лизингке алынатын қондырғылар құны 50 миллион теңгеден аспауы тиіс. Сондай-ақ сатып алған мекеме оның құнын 3 және 5 жылдың көлемінде өтеуге міндетті. Бұл жүйе сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мақсатында енгізіліп жатыр. Өйткені медициналық қондырғылар бірыңғай сайт арқылы ғана сатып алынады. Ол үшін арнайы желі де ашылған. Кез келген компания өз тауарын осы сайт арқылы сатуға қоюы тиіс. Яғни бағасы мен сапасы анық көрсетіледі. Тек лизингті алу үшін негізгі 3 талап бар. Медициналық мекеме қандай да бір аппаратты алғысы келсе, оның қажеттілігін дәлелдейді. Орнатылатын жері де талапқа сай болуы қажет. Ал басты талап - техниканың тілін білетін мамандары болуы міндет. Мұндай қадамды депутаттар да қолдап отыр.
Дариға Назарбаева, Мәжіліс депутаты:
- Тек бюджет қаржысы ысырап болмасын. Техниканың барлығы қымбат. Шетелдіктер өздеріндегіні тықпалап жүрмесін. Олардың стандарттары мен біздікі сәйкес емес. Осы ескерілуі керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!