{metadescription}
0:000:00
Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары медициналық көмекке қол жеткізе алмай жүр

Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары медициналық көмекке қол жеткізе алмай жүр

Ауруы бар, емі жоқ аудан. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы 3 ауыл тұрғындары осылайша наразылық танытуда. Айтуларынша, медициналық көмекке де қол жеткізе алмай отыр. Себебі үш елді-мекенге ортақ жалғыз медпункт жөндеу жұмыстарына жабылып, орнына екі бөлмелі жеке үй бөлініпті. Енді ем іздеп келген науқастар тар жерде айнала алмай, ұзын-сонар кезек күтетін болған. 

Қайыпов, Қазақстан және Ащыбұлақ ауылдарының тұрғындары басы ауырып, балтыры сыздаса ауруханаға емес мына шағын үйде орналасқан медициналық орталыққа тура жол тартады. Орталық деген аты ғана болмаса, іс жүзіндегі жағдай мүлде өзгеше. Себебі 8 мыңға жуық адамға 7 маман мына тар екі бөлмеде қызмет көрсетуде. Оның бірі зертхана, екіншісі науқастарды қарау және егу жұмыстарына негізделген. Сондықтан ем іздеп келгендер тар жерде ауруымызды асқындырғаннан басқа нәтиже көрмедік деп отыр.

Осы күнге дейін 3 ауылдағы жұртшылық ем алып келген аурухана жөндеу жұмыстарына жабылып, орнына басқа ғимарат берілген. Бірақ оның ішінде науқастың денсаулығын тексеруді айтпағанда, дәрігерлердің өзі айналып жүре алмайды.

Шолпан Бабалиева, Қайыпов ауылының тұрғыны:

- Қазақстанда медпункт деген жоқ. Қазір біреудің пәтерінде тұрып жатыр. Оның ішінде ауа тар, айналып жүре алмайсың. Медпункттың еш жағдайы жоқ. Келсең дәрі-дәрмек деген еш уақытта болмайды.

Ал ауылдағы медпунктте білікті маман мен тиісті техниканың жоқтығынан соңғы уақытта мерт болғандар саны артқан. Көмек сұрап Маловодный ауылына барса ауданға қуып, Шелекке жеткенше жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан тұрғындар. Оның өзінде жедел-жәрдеммен емес, жеке көліктерімен тасымалдануы тиіс науқастар.

Назым Нұрмұхаметова, Қазақстан ауылының тұрғыны:

- Не жедел жәрдем келмейді, не дәрігер келмейді, фельшерлар кішкене аман ұстап отырып, Шелекке жетем дегенше реанимациаға түсті. Содан не болды? Не көмек сонда үкіметтен?

Дегенмен ауылдағы ақ халаттылар осындай адам төзгісіз жағдайда амалын тауып, ем-дом жасауда. Қаралуға келген тұрғындар ауруын асқындырып алмасын деп от жағып, қабырғасы қақыраған ғимаратты қалпында ұстауға мәжбүр. Себебі кез келген уақытта жарты ғасыр бұрын салынған ғимараттың шатыры төмен құлап, едені опырылуы мүмкін.

Қарлығаш Кеңесбаева, участкелік мейірбике:

- Бұл бөлмеміз біздің егу бөлмеміз- кішкентай балаларға екпе жасайтын жер. Әрине кішігірім, бірақ соған қарамастан біз халыққа қызмет көрсетуіміз керек. Еденіміздің жағдайы осылай, бәрі босап кеткен. Кей кезде өзіміз қорқамыз сынып кетеді ма деп.

Бірақ жергілікті басшылыққа қалыптасқан жағдай қалыпты секілді. Сөздеріне қарағанда қиналғандар мен шағымданғандар жоқ. Ал жыл соңына дейін күрделі жөндеу жұмысын аяқтап, 2014 жылы жаңа ауруханамен жарылқамақ жұртшылықты.

Мұрат Сүгірбаев, Қазақстан ауылдық округінің әкімі:

- Дәрігерлік амбулаторияның отырған жері, қазірше уақытша отырған жері он күн... құдай бұйыртса бір, біржарым айдың ішінде қалпына келеді.

Атқамінерлер осылайша уәдені үйіп төкті. Бірақ тұрғындардың бұған сенгісі жоқ. Себебі медициналық мекемелерді тексеруге облыстан шыққан арнайы комиссия үш ауылдың біріне де бас сұқпапты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

загрузка...
Қазір эфирде