Көкшетауда соғыс ардагерлері тұратын үйде күшті жарылыс болып, 1 адам көз жұмды
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
04.12.2012
Көкшетаудағы соғыс ардагерлері тұратын көпқабатты үйдегі жарылысқа орталықтан келетін газ құбырындағы ақау себеп. Естеріңізге сала кетсек, мереке күні болған апат салдарынан 88 жастағы соғыс ардагері өртке оранған пәтерінде көз жұмған. Ал оның ұлы денесінің 70 пайызын күйік шалып, жансақтау бөлімінде жатыр. Жарылыстың күшті болғаны сонша, 5 қабатты үйдегі 12 пәтердің терезесі сынып, есіктері ұшып кеткен. Қазір тұрғындары баспаналарын тастап, туыстарын жағалап жүр.
Жарылысының күшті болғаны сонша, әйнектер жан-жаққа ұшып, ғимаратты қою түтін басып қалды. Артынша, жалын лезде күш алып бірнеше пәтерді шарпыған. Өкінішке орай, 88 жастағы соғыс ардагері Қырғи Омарбеков өрттен шыға алмай, мерт болды.
Анна Федоренко, ҰОС ардагері:
- Әрине, өкінішті. Осы үйді өмір бойы күтіп, әрең дегенде қол жеткізіп едік. Ешкімге де керек емеспіз. Газ кәсіпорыннан адам тек ақша жинауға ғана келеді. Плитаны тексеріп, қарт адамдар қалай қолданып жатыр деп бірі де көңіл бөлмейді. 90-дағы шал, кемпірден не сұрайсың?!
Бұл үйге газ бір орталықтан беріледі. Бірақ кейбір пәтерлерде газ баллондары да бар. Апат кезінде құтқару қызметі баллон жарылды деп ойлаған. Негізінде, жарылыс орталықтан келетін құбырдан шыққан газдан болыпты.
Әсет Жақсылықов, Ақмола облыстық ТЖД бас маманы:
- Алдын-ала болжам бойынша, газ орталық құбырдан шыққан. Өйткені, газ баллоны аман, жарылған жоқ. Қазір материалдар сараптамаға жіберілді.
Ал Көкшетауды газбен қамтамасыз ететін жеке кәсіпорын басшылары біз барлық сақтық шарасын сақтадық,- дейді.
Евгений Журкин, «Газстройсервис» ЖШС директоры:
- Тек пәтерлерге дейін жететін инженерлік желіге қызмет көрсетеміз. Ал үйдегі құбырға жауап бермеймін. Бір орталықтан берілетін газ бола тұра, бұл отбасы газ балонын қатар пайдаланған.
12 пәтерге жарылыстан залал келгендіктен, иелері туыстарын жағалап кеткен. Есік-терезелерін әкімдік жаңадан орнатып бергенімен, шошып қалған қариялар үйлеріне оралатын ойлары жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!