ШҚО-да республикалық чемпионатқа бара жатқан жас хоккейшілер жол апатынан қаза тапты
Автор: Әсем Қайратбек
04.12.2012
Өскеменде жол апатынан 10 және 13 жастағы екі жасөспірім қаза тапты. Ал ауыр жарақат алған тағы екеуі жан сақтау бөлімінде жатыр. Барлығы жас хоккейшілер. Олар Семейден Өскеменде өтіп жатқан балалар мен жасөспірімдер арасындағы жарысқа қатысу үшін келе жатыпты. Қазір республикалық чемпионатқа олимпиадалық резервтегі команда ойыншыларының неліктен жеке автокөлікке мініп жолға шыққаны, сондай-ақ, жол апатының басқа де себептері нақтыланып жатыр.
Бүгін мына мұз айдынында семейлік жас хоккейшілер бақтарын сынау үшін шығуы тиіс еді. Алайда, семейлік команданың жолын кескен жантүршігерлік жол апаты салдарынан чемпионаттың ойын кестесі күрт өзгерді.
Жас хоккейшілер мінген Тойота-Камри Өскемен-Семей тас жолында басқа көлікпен соқтығысқан. Жеңіл машинадағы жасөспірімдердің екеуі сол жерде тіл тартпай кеткен. Ал тағы екеуі хал үстінде жатыр.
Александр Ефремов, аман қалған хоккейшінің әкесі:
- Қоңырау шалып айтқан кезде тіпті сене алмадым. Бірден жеттім ауруханаға. Қаза болған балаларды өте жақсы танитынмын. Ал менің және аман қалған тағы бір балаға дер кезінде көмек көрсеткен дәрігерлерге алғыс айтамын.
Апатқа байланысты түрлі болжамдар жасалуда. Ауа райының қолайсыздығы, балалар отырған көліктің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, рөлге ие бола алмай қалғандығы дегендей. Ал облыстық спорт басқармасы жеткіншектердің ата-аналары кінәлі деп ақталды. Чемпионатқа шығар алдында жеке көлікке мінген төрт жеткіншектің ата-анасы жаттықтырушыға сенім хат жазып бермеген. Тек, анау-мынау емес, атағы «республикалық» чемпионатқа олимпиадалық резервтегі команданы тасымалдауға көлік жағын дұрыс ұйымдастыра алмаған жайында тіс жармады.
Әбіл Дөңбаев, ШҚО спорт және дене шынықтыру басқармасы бастығы:
- Әке-шешелері өздері көліктерімен бері қарай алып келеміз деген шешімге келіп, бері қарай шыққан. Осы оқыс жайтқа байланысты деп ойлаймын.
Семейдің «Локомотиві» ойыншылары айдынға шыға алмады. Ал бақилық болған Әлішер Оразғалиев пен Тимур Ахметовтың мәйіттері Семей қаласына жөнелтілді. Жансақтау бөлімінде жатқан Владимир Ефремов пен Әкежан Ментаевтың жағдайы әлі де ауыр дейді дәрігерлер. Олардың екеуі үшін болашақта үлкен спорттың есігі жабық енді. Себебі, балалардың бас сүйектеріне келген зақым аса ауыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!