МИ-8 тікұшағында мерт болған Нұржан Шоқпаров жер қойнына табысталды
Автор: Айжан Әлібек
04.12.2012
Бүгін Ми-8 тікұшағында опат болған павлодарлық Нұржан Шоқпаров қара жердің қойнына табысталды. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға туған-туыстары мен әріптестері түгел жиналған.
Ми-8 тікұшағында опат болған 52 жастағы Нұржан Шоқпаров-«Қазтрансойл» компаниясының шығыстағы филиалының қызметкері болып істеген. Жақындары тікұшақтың жоғалғаны жөніндегі хабарды ғаламтордан естіп білгенде, көпке дейін Нұржанның тірі екеніне сенген. Тіпті іздеуге барлық туған-туыстары жұмылыпты. Қаралы хабардан кейін марқұмның мүрдесі туған жеріне ұшақпен жеткізілді. Жерлеу рәсіміне қатысты барлық шығынды «Қазтрансойл» компаниясы көтерген. Нұржанның артында жары, 2 баласы мен немересі қалды. Естеріңізге сала кетсек, Алматы облысында Атасу-Алашанькоу мұнай құбырын тексеруге шыққан тікұшақ 24-ші қарашада із-түссіз жоғалған болатын. Әуе көлігінің қирандылары тек 5 тәуліктен кейін табылды. Бортындағы 8 адамның барлығы қаза тапқан. Қазір оқиға орнынан табылған «қара жәшік» бойынша, апат себептері анықталып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!