Владислав Челахқа жаңа адвокат тағайындалды
Автор: Нартай Аралбайұлы
04.12.2012
Челахқа бүгін жаңа адвокат тағайындалды. Алдыңғы екеуі сырқатына байланысты өткен аптада сот отырысына келмей қалған болатын. Бүгін де олар төбе көрсеткен жоқ. Челахтың өзі де сол адвокаттарсыз сотқа қатыспаймын деп байбалам салды тағы. Ал осы Арқанкергенмен байланыстың үзілгенін жасырды деп айыпталған Сарыбөктер заставасының бұрынғы бастығына қатысты сот аяқталуға жақын. Бүгін прокурорлар Алексей Фоминді 10 жылға абақтыға қамауды сұрады.
Алты айдан бері ауыздан түспеген Арқанкергендегі қанды қылмыстың майшаммен қаралатын тұсы келді қазір. Үшінші апта болды Талдықорғандағы әскери сотта тыным жоқ. Тек бүгінгі сот процесінде Владислав Челах та оның қос қорғаушылары да болмады. Жұмада Алматыға кеткен адвокаттарды жер жұтып кетті ме деп дегбірі қашқан судья қатарынан екі үзіліс жасады.
Қанша үзіліс жасап, сот отырысын үзгенмен Сәрсенов пен Естияровтың ес жиып процеске келмесін ұқты ма, судья түстен кейін істі толыққанды жалғастырамын деп уағдаласып кеткен. Сөйтсек, айыпталушыға алдыңғы адвокаттарының орнына мемлекет тарапынан қосымша қорғаушы тағайындалыпты. Жұмағайша Саржанова 57 томнан тұратын қылмыстық іспен таныспадым деп қиғылық қылмады, естіп біліп жүрсе керек. Кейін белгілі болғандай Челахтың қос қорғаушысының бірі Серік Естияров өзінің сырқаттанып қалғанын айғақтайтын анықтама жіберген. Ал Сәрсенов мырза үшті-күйлі жоқ. Челах та аталмыш адвокаттарынсыз процеске қатыспаймын деп қадап айтты.
- Делайте, что хотите! Можете меня уводить, я больше ничего делать не буду.
- Не желаете участвовать?
- Вообще не желаю участвовать в судебном заседании, пока мой адвокат Сарсенов не появится.
Челах кеткенімен сот отырысы тығырыққа тірелген жоқ, қылмыстық істі қарастыру жалғасты. Осы Арқанкерген бекетіндегі қылмысқа қатысты Талдықорғанда тағы бір процесс өтіп жатыр. Бұл Сарыбөктер шекара заставасының бұрынғы бастығына қатысты. Алексей Фоминге тағылған басты айып, 28 мамыр таңғы 6-да соңғы рет байланысқа шыққан Арқанкергеннің одан кейін хабарсыз кеткенін екі тәулік бойы тіс жарып айтпағаны. Және заңсыз оқ-дәрі сақтады, қызметін асыра пайдаланды деген айыптар тағы бар. Өткен дүйсенбіде басталған сот процесінде бүгін жарыссөз аяқталды. Прокурорлар Фоминге 10 жыл кесуді сұрады судьядан.
- Окончательную меру наказания назначить в виде 10 лет лишения свободы в исправительной колонии общего режима.
Тек тағылған айыпқа Фомин де, оның адвокаттары да келісіп отырған жоқ.
Алексей Фомин, айыпталушы:
- 10 жылға түрмеге не үшін жапқылары келетінін ұқпадым. Сонша ауыр қылмыс жасағаным жоқ. Арқанкерген бекетіне мен ешқашан жауап берген емеспін, ондай бұйрықта болмаған. Және үйімде оқ-дәрі сақтағаным да жалған. Заставада қол астымда жүздеген қару бар, сонда не үшін үйіме оқ тасып арамтер боламын?! Тағылған айыптардың ешбірі шындыққа жанаспайды!
Бүгін белгілі болғандай, Алексей Фомин 6 желтоқсан, яки осы бейсенбіде өзінің сот алдындағы соңғы сөзін айтпақ. Одан соң бір апта ішінде соттың шешімі де шығарылады. Ал Сәрсеновсіз жақ ашпаймын деген Челахтан жауап алу мүмкін болмай тұр. Осы себепті сот процесінің әлі біраз созылатын түрі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары