Ақтөбелік мұғалім директорынан зәбір көрдім деп құзырлы орындарға арызданды
Автор: Жаңалық Ахаш
06.12.2012
Ақтөбе облысындағы мектептердің бірінде шу шықты. Сарыбұлақ ауылында мұғалім болып істеген келіншек директорды «зорламақ болды» деп айыптап отыр. Ұстаз тіпті бастығының оғаш қылығына шыдай алмай, төркініне кетіп қалған. Қазір бұл оқиғаға байланысты білім басқармасы арнайы комиссия құрып, істі тексеруге кірісті.
Шалқар ауданының тұрғыны Ұзақбай Бисеналинкеліні Сәуленің арын қорғап құзырлы мекемелерді жағалап жүр. Айтуынша, Сарыбұлақ мектебінің директоры Мәлік Бақтыбаев қарамағында мұғалім боп істейтін келініне қырындап, маза бермеген.
Ұзақбай Бисеналин, Есет батыр ауылының тұрғыны:
- Ұлы сөзде ұят жоқ, зорлағысы келген. Бұл енді ұят жағдай. Біреудің отбасына нұқсан келді. Менің жағдайым онсыз да дұрыс болып отырған жоқ.
Бастауыш сыныпқа сабақ беретін Сәуле Күленбаева бастығының зорламақ болғанын жұбайына айтып шағымданған. Кейін шағын ауыл тұрғындарының өсегіне қалған ол оқиғаның қалай болғанын бейнетаспаға жазып, төркініне кетіп қалыпты.
Сәуле Күленбаева, жәбірленуші:
- Сарыбұлақ негізгі мектептің директоры осы жылдың тамыз айынан бастап маған тиісіп қоймай жүр. Түнде келіп есік қаққан күндері болды. Балам жылап, бүкіл үйдің берекетін алды. Менің тыныштығымды бұзды.
Мектеп басшысының өзі қарамағындағы келіншектің жала жауып отырғандығын айтады. Өйткені директор орнына қызыққан топтың арандатуынан осындай оқиғаға тап болған. Десе де енді істің ақ-қарасын облыстық білім басқармасы жанынан құрылған арнайы комиссия анықтамақ. Өйткені тәртіп сақшылары «қылмыс белгілері жоқ» деп ұстаздың арызын қарамапты.
Жанат Самұратова, Ақтөбе облыстық білім басқармасының бастығы:
- Сол арнайы комиссия құрып бүгін-ертең жолға шығады. Жолға шығып сол мектептегі жазылған арызда бар мәліметтерді тексеріп, мектеп директорының жұмысын тексереді.
Шалқар ауданындағы Сарбұлақ негізгі білім беру мектебінің басынан дау арылған емес. Үш жыл бұрын осы тектес оқиғадан соң екі мұғалім мен мектептің алдыңғы директоры да жұмыстарынан кеткен еді. Енді бұл жолы істің ақ-қарасын арнайы комиссия анықтайтын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары