Тәртіп сақшыларының тепкісінен жазықсыз адам жан тапсырды
Автор: Руслан Әбдіхалық
06.12.2012
Таразда тағы бір отбасы ұлдарының өліміне тәртіп сақшыларын айыптауда. Айтуларынша, полицейлер Қанат Ахенбековты текпінің астына алып, өлімше етіп сабап тастаған. 28 жастағы азамат ауруханада 8 күн ес-түссіз жатып бақилық болды. Бірақ әлі күнге оны жазым еткендер бостандықта жүр екен.
Қарашаның 24-не қараған түні «Алтын-Шатыр» мейрамхана алдында орын алған қанды оқиға қалың елді дүрліктірді. Көргендердің айтуынша, той қонақтары мен той басқарған жігіттер арасындағы кикілжің, төбелеске ұласқан. Жаппай жаға жыртысудан көңілді отырыс мерзімінен бұрын аяқталып, жұрт жұдырықтасқан жігіттерді ажыратып әлекке түсіпті.
Осы сәтте погон таққан мырзалар да жетіпті. Олар бұзақыларды тәртіпке шақырудың орнына, Тимур деген азаматты төпелей жөнелді дейді куәгерлер. Оған досы Қанат Ахенбеков араша түспек болған. Бірақ полицейлер оны танысына көмек бергені үшін тепкінің астына алыпты.
Куәгер:
- Қанатты қолындағы келдекпен бір ұрды желкесінен. Қанат кішкентай болған соң жерге құлап қалды. Артынша үш қызметкер тепкілей бастады. Үстерінде бронежилет болды. Формада болды.
Басынан қатты соққы алған Қанат Ахенбеков аурухананың жансақтау бөлімінде 8 күн жатып, көз жұмады. Марқұмның туыстары полицейлердің үстінен арыз жазғанымен, әлі күнге жазықтылар бостандықта жүр екен.
Медет Ахенбеков, Қанат Ахенбековтың інісі:
- Арызды жаздық, әлі күнге дейін бір күдікті жоқ. Сол түні ППС ұрды деген кезде, кім түнде болды соны шақырып, экспертиза жасаған кезде сол күні қамайтын еді адамдарды. Оны істеген жоқ, ертесіне де ешкім қимылдаған жоқ. Просто тергеу сұрақтарын қойды.
Райхан Ахенбекова, Қанат Ахенбековтың анасы:
- Ондай адамды кешіруге болмайды. Себебі ондай адамдарды кешірсе тағы шыға береді. Ондайларды қатаң жазалау керек.
Куәгерлер марқұмды ұрған тәртіп сақшысын жазбай танимыз деп отыр. Бірақ, тергеушілер қысым көрсетіпті.
Куәгер:
- Маған айтты, сіз полиция қызметкерінің біреуін танисыз, сізді ол кісі деп айтасыз, ол кісіні де жабамыз, онымен қоса сізді де жабамыз деді.
Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Қазір шулы істі прокуратура тексеріп жатыр.
Марат Бұжықов, Жамбыл облыстық ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы:
- Бастапқыда бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір ол өзгертілді. Жапа шеккен тараптың шағымымен қызметін асыра пайдалану және арнайы құралмен ауыр дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, оны прокуратура қарап жатыр.
Күні кеше Қанат Ахенбековты жақындары соңғы сапарға шығарып салды. Марқұмның артында жары мен екі баласы қалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!