Отандық аспаздар теледодасы «Бесбармақ шоу» мәресіне жетті
Автор: Құралай Пионер
18.12.2012
Таяу күндері қазақтың ұлттық тағымы-бесбармақ әзірлеудің шебері кім екені белгілі болмақ. «КТК» арнасының бастамасымен ұйымдастырылған тұңғыш отандық аспазшылар теледодасы - «Бесбармақ шоу» ақтық мәресіне жетті. Бас жүлдеге автокөлік тігіліп отыр. 6 айдан бері «мен» деген 18 аспазшы ет пісірудегі өз әдісінің үздік екенін дәлелдеп көрген еді.
Сапырылған сары сорпа, сүрленген ет, жал-жая мен қазы-қарта-бұл қазақтың ұлттық мәзірі, тойып тұрса да бас тартпастай жейтін тағамы. Бірақ бұл астың бабын келтіріп пісіру оңай шаруа емес. Оны «Бесбармақ-шоудың» ақтық мәресіне шыққан аспаздар жақсы біледі.
Тыныштық Ташева, сайысқа қатысушы:
- Тұзын жақсы қарау керек. Бұрыш салып, езіліп кетпесін. Наны жақсы болуы керек. Барлығын мүлт етпей орындаса, бесбармақ дәмді болады.
Тыныштық Ташева «Бесбармақ шоудың» ақтық сайысына жолдама алған екі аспаздың бірі. «Астың дәмді болуы-тұздықта» деп есептейді ол. Ал қарсыласы Зейнеп Ермұхамедова еттің сыры-сүрленуінде екенін айтады.
Зейнеп Ермұхамедова, сайысқа қатысушы:
- Қазақ халқы өте данышпан. Неге десеңіз етті тұздаудың, сүрлеудің бәрін мың жылдықтан бері алып келе жатыр.
«Бесбармақ-шоу» 18 аспаздың тартысымен басталған еді. Соңғы тартысқа-осы екі аспаз ғана қалды. Әрине, бесбармағы бал татыған соң. Ендігі дода осы екеудің арасында өтпек. Қайсысының асы қазыларды таң қалдырса, сол «шебер» деген атақпен бірге «Аллюр авто» ұсынған темір тұлпардың кілтіне ие болмақ.
Екі аспаздың жанкүйерлері көп келді бұл күні. Әрине, әрқайсысының да өз жағының жеңеріне сенімді.
Ерболат Салықов, З. Ермұхамедованың жанкүйері:
- Ондай бесбармақ ешкімде жоқ. Кем болмасан, бірақ ол кісі тамақты керемет пісіреді. Жеңгеміз жеңеді!
Ал кімнің тартқан табағы тәтті болғанын қазақтың «Тақиялы періштесі» Әлімғазы Райымбек бастап, әнші Нұрлан Абдуллин қоштаған қазылар алқасы татып, анықтап бермек.
Әлімғазы Райымбек, актер:
- Еттің сапасына, қазы-қартаның сапасына, оның дәміне, иісіне қараймыз. Сосын нанның қалыңдығына. Жұқа ма, қалың ба, езіліп кеткен жоқ па? Не болса да сапалы болуы керек.
Десе де 18 аспаздың қолынан 18 мәрте ет жеу қазыларымызға да оңай соқпасы анық. Асқазанына күш түскендерге бұл күні «Мезим» дәрісі ұсынылды. Яғни, демеушілік көрсеткен осы сауда маркасы. Сонымен, қай аспаздың еті ең тәтті атанды, оны жаңа жыл кезінде КТК эфирінен тамашалай аласыздар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!