Мейірбикелер жалақыларын негізсіз қысқартқан басшылыққа қарсы шықты
Автор: Руслан Әбдіхалық
18.12.2012
Жамбыл облысында мейірбикелер наразылық білдірді. Меркі аудандық ауруханасының қызметкерлері мекеме басшылығын жалақыны негізсіз қысқартты деп айыптауда. Айтуларынша, қолға тиетін айлық шайлығына жетпей, бала-шаға аш отыр. Сондай-ақ, бас дәрігер 30-ға жуық қызметкерді ақысыз еңбек демалысына шығуға мәжбүрлепті.
Меркідегі ауруханана басшылығы осыдан бірнеше ай бұрын 27 қызметкерді мәжбүрлі түрде ақысыз еңбек демалысына жіберген. Айтқанымды екі етсеңдер жұмыстан кетесіңдер деп сес көрсетіпті.
Бейсенкүл Әлімбаева, Меркі аудандық ауруханасының санитары:
- Ақысыз еңбек демалысына шыққанда бір тиын төленбейді. Өзімнің қалауыммен деп жазғызды. Бізді қинап кетірді ғой, болды. Жаздық, қол қойып бердік.
Қарсылық білдіруге дәрмені жоқ мейірбикелер мен санитарлар көк тиын алмай 30 күн үйлерінде жатып келген. Ал жақын күндері заңсыздық тағы қайталаныпты. Мекеме басшылығы кезекті рет «ақысыз демалысқа кетіңдер» деп пәрмен берген.
Шынар Өскенбаева, Меркі аудандық ауруханасының мейірбикесі:
- Шыдап келеміз. Бәріміздің студентіміз бар, несиеміз бар. Қойшы деп келе жатырмыз. Біздің жағдаймызды ешкім ойламайды. Біздің ақшамыз қайда кетіп жатыр, соны түсінбейміз.
Бір айда үш-ақ мәрте жұмысқа шығатын қызметкерлер небәрі 15-20 мың теңге көлемінде жалақы алады. Қолға тиетін еңбекақы жыртығымызды жамауға жетпейді дейді ақ халаттылар. Сондықтан олар басшылықтан жалақыны еселеп көтеруін талап етті. Науқастар да қызметкерлер санының айтарлықтай қысқарғанына байланысты медициналық көмектің сапасы нашарлағанын сезініп отыр.
Айжан Қалиева, емделуші:
- Егу жұмыстары кешігеді. Үлгермейміз дейді. Себебі екі қабатта 1-ақ медбикеміз дейді. Астына, үстіне үлгере алмаймыз дейді.
Мекеме бастығының міндетін атқарушы Раушан Махатова қызметкерлердің айтқандарын жала деп кесті. Олар еңбек демалысына өз еркімен кеткен, әрі жалақыны да кемітпеген.
Раушан Махатова, Меркі аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
- Бір айда 85-90 науқас емдеу міндеттелген. Бірақ соңғы уақытта жұқпалы аурумен ауыратындар саны кеміді. Жоспар орындалмағандықтан, жалақы да сәйкесінше төленіп жатыр.
Мейірбикелер құзырлы орган ауруханада тексеру жүргізсе екен деп тілейді. Бірақ, «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айырлыптының» кебі келмесе болғаны дейді. Себебі жаңа жылдан кейін ұжымда жаппай қысқарту басталады деген гу-гу әңгіме желдей есіп кеткен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары