Алматыда жылу құбыры жарылып, 9 адам ыстық суға күйіп қалды
Автор: Нартай Аралбайұлы
18.12.2012
Алматыда жылу құбыры жарылып, ыстық суға 9 адам күйіп қалды. Магистралды құбырдан аққан 95 градустық қайнаған су лезде маңайға жайылып, бірнеше жер үйді басқан. Төтенше оқиға салдарынан көпқабатты 4, сондай-ақ 40 шақты жер жылудан, судан ажыратылды. Ал апатқа 400 миллиметрлік құбырдың әбден ескіруі себеп деп отыр мамандар. Жылу жүйесі 30 жылдан бері жөндеу көрмеген екен.
Магистралды жылу құбырындағы апат түн жарымында болған.Шудан шошып оянған жұрт маңайдағы көлкіп толған суды көріпті. Ұйқылы-ояу аптығып жүріп тысқа қашамын дегенде жылу құбырынан атқылаған 95 градус ыстық суға күйіп қалды біразы. Қазір ауруханамен екі ортада сабылып жүр. Екі аяғы бірдей күйген ақсақал да амалсыз көлкіген суда қалған заттарын жинап әлек. Көрші қолаңның да жағдайы жақсы емес. Көліктері жарамсыз, үйдің астан-кестені шыққан. Түнімен аққан су таң атқанша сіресіп қатып қалыпты.
Дәрібай Алпаров, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бала-шағаның бәрі далада, киім-кешек жоқ үстінде қалмады ештеңе. Көрпе-төсектің бәрі жайылып тұр көріп тұрсыздар. Осындай жағдай болды табан астында.
Апат салдарынан 9 адам күйіп қалған, 4 көпқабатты үй мен 60-тан астам ғимарат жылусыз отыр.
Жексенбіден дүйсенбіге ауған түні қапыда қараңғыда қарашаны қаттысастырған апат орны әлі де қоршаулы. Будақтаған бу бар мұнда, беті жабылмаған әлі жарылған құбырдың. Ал бір түнде бар мүлкінен айрылып тақырға отырған тұрғындар шенеуніктердің ертең жұмысқа шығуын тағаттары таусыла күтуде. Өйткені 1978 жылы салынған құбырларды ауыстыру тек төтенше оқиғадан соң ойларына келген жауаптылар келтірілген шығынды өтеп береміз деп уәде еткен.
Бұл төтенше апаттың алды емес екен. Осыдан тура 4 жыл бұрын дәл осы маңда тағы бір жылу құбыры жарылыпты. Ол кезде де шала-жансар жамап кетсе керек шенділер. Сенімге селкеу түскені ме, ендігі баспана жөндеудің қамын тұрғындардың өздері ойластырып жатыр.
Тілеухан Болатбекова, Алматы қаласының тұрғыны:
- 3-4 жыл бұрын осындай болды онда түгел бұздық та қайта салдық. Мынау биыл бұзылған кезде ғой бәрін бұзып толықтай жөндеу жасап шықтық. Быт-шыт болды, қайтадан быт-шыт болды жасағанымыз, еденнің астына су кетті. Бала-шағамыз бар, қазір сасып тұр үй.
Осы апаттың артын ала қаланың жоғарғы бөлігінде тағы бір жылу құбыры жарылды. Бірақ жапа шеккендер жоқ. Алайда қыстың көзі қырауда қымтанып жылусыз жан бағуға мәжбүр тұрғындардың саны мыңдап саналады. Тәптіштеп түгендесе 180 көпқабатты үй, 5 балабақша мен 8 мектеп жылудан қағылып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!