«Алаш Прайд» дүниежүзінің құрама командасымен шеберлік байқасады
Автор: Төлеген Жұмабек, Елдос Сапарғали
20.12.2012
Аралас жекпе-жекті жоғары бағалайтындарға жағымды жаңалық. 22-желтоқсан күні аралас жекпе-жектен бұрын-соңды болмаған үлкен спорттық додаға куә боласыздар. Бұл күні Алматыдағы Балуан Шолақ сарайында «Алаш Прайдтың» жігіттері дүниежүзінің құрама командасымен бетпе-бет шығады. Тәуелсіздік күніне арналған матчтық бәсекеге орай бүгін арнайы баспасөз-мәслихаты ұйымдастырылды.
Халықаралық турнир ресми түрде ММА Alash-Pride KZ FC деп аталады. Аралас жекпе-жектен Қазақстандағы белді клубқа айналған «Алаш Прайдтың» бетке ұстайтын он сарбазы осы кеш сегіз мемлекеттің файтерлерінен жасақталған әлем құрамасына қарсы тұрады. Жарыстың супервайзері Данияр Қасқарауов сегізбұрышты темір тордың ішіндегі жекпе-жектер мейлінше қатал ережемен өтеді дейді. Бұл дегеніміз ұрыс кезінде сарбаздарға шынтақпен соққы жасауға да рұқсат етілген. Бес минуттан тұратын екі раундтық бәсекеде таразы басы тең түссе, жеңімпазды анықтау үшін қосымша тағы бес минут беріледі. Ең бастысы Алматыға ММА әлеміндегі ең танымал тұжырымдардың өкілдері келе жатыр. Олардың арасынан штаб-пәтері Малайзияда орналсқан ONE FC пен Оңтүстік Кореяның Road FC және Ресейдің Fight Night версияларын атап кетуге болады. ONE FC дүлдүлі филиппиндік Роланд Сангчаан мен біздің Асұлан Тоқтарбаев арасындағы жекпе-жек , алдағы кештің орталық матч болып саналады. Алдағы бетпе-бет матчқа қатысатын сарбаздардың таразыға тартылу рәсімі ертең өтеді.
Риганың “Динамосына” қонаққа барған Астаналық “Барыс” Континенталдық хоккей лигасы аясында кезекті жеңісіне жетті. Жергілікті жанкүйерлердің қызу қолдауымен алға ұмтылған айдын иелері “Барыс” қақпасына қос шайба тоғытқан.
Бірақ Астаналық хоккейшілер екінші кезеңде Роман Старченконың көмегімен есеп айырмасын қысқартты. Ал көп ұзамай Брэндон Боченски таразы басын теңестіріп кетті. Кездесудің негізгі уақытында жеңімпаз анықталмағандықтан овертайм белгіленген. Дәл осы қосымша уақытта Константин Руденко “Барысқа” жеңіс сыйлады. Енді Владимир Крикунов шәкірттері келесі кездесуін 21-ші желтоқсанда украинаның “Донбасына” қарсы өткізбек. Әзірге астаналық клуб шығыс конференциясында 7-орында келеді.
Жақында “Ақтөбе” футбол клубына бас бапкер болып тағайындалған Владимир Никитенко арнайы баспасөз маслихатын ұйымдастырды. 55 жастағы тәжірибелі маман өткен маусымда қызылордалық “Қайсарды” баптаған болатын.
Одан өзге алматының “Қайраты” мен “Атырау” командасында бас жаттықтырушысы қызметін атқарған. Ал ақтөбелік клуб Владимир Никитенкоға жат емес. Ол 1994-ші жылы “Актюбинец” командасымен бірге ел кубогын жеңіп алған. Жаңа қызметке тағайындалған бапкер жақын уақытта бірнеше оқу жаттығу жиынын өткізуді жоспарлап отыр. “Ақтөбе” клубына алдағы маусымда ішкі чемпионатта топ жарып, еурокубокта сәтті өнер көрсету жүктелген. 1 жылға жоспарланған келісімшарт болашақта бапкердің табысына қарай ұзартылуы да мүмкін. Ал ең бастысы Владимир Никитенко “Ақтөбенің” ойын стиліне айтарлықтай өзгеріс енгізбейтінін мәлімдеді.
Владимир Никитенко, “Ақтөбе” футбол клубының бас бапкері:
- Команданың негізгі құрамын сақтап қалуға тырысамыз. Айтарлықтай өзгеріс болмайды. Мен жұмысқа кірісуге дайынмын. Егер футболшылар мені қолдаса жеңіске жететініміз анық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!