КТК көрермендерін отандық жаңа телехикаямен қуантпақ
Автор: Олжас Байжан
20.12.2012
Бүгін «Арнайы мақсаттағы бөлім» деп аталатын кинотуындының түсірілімі аяқталды. Екі айға жуық еңбек еткен шығармашылық топ полицейлер туралы алғашқы сериалды өмірмен ұштастыра білген. Оқиғалар өмірден алынып, олардың шешімі үшін ерекше тәсілдер таңдалған екен. Тіпті әділеттілік жолында сақшылардың өзі заңды аяқасты етулері тура келіпті.
Ерекше бөлім, бір бастық, бес сақшы. Полицейлер туралы «Арнайы мақсаттағы бөлім» деп аталатын алғашқы отандық сериал осыған негізделген. Мінезі бір-біріне ұқсамайтын, тіпті сыйыспайтын адамдар қылмысты ашу үшін бірауыздан еңбек етуде. Алға қойылған мақсатты орындау үшін олардың өздері де қылмыскердей ойлап, әрекет етулеріне тура келеді.
Гайдар Гильманов, актер:
- Бас кейіпкер жан-жақты. Ол әділеттілік жолында бәріне баруға әзір. Тіпті қалыптасқан қағида бойынша жұмыс істемей, өзіндік ерекшелік танытады. Қылмыскердің кінәсін дәлелдеу үшін, өзі де заңды кейбір тұстарда аяқасты етуіне тура келеді.
Телехикаяда қазіргі көрерменге қажетті атыс-шабыс, қылмыскерлердің өзара қақтығысы мен жиі кездесетін заңсыздықтардың барлығы бейнеленген.
Сұлтанна Кәрімова, актриса:
- Сомдайтын рөлімдегі кейіпкердің жан-жақтылығы мені қызықтырды. Себебі ол өзін толығымен аша білгенімен қатар, жағдайды әртүрлі қабылдайтын жігіттердің басын біріктіре алады. Арасында дауыс көтеріп, керек жерде қулықпен де ұтымды шешім таба біледі.
24 бөлімнен тұратын сериалға таңдалған сценарий де ерекше. Себебі әр бөлімде жеке оқиғалар қамтылып, көрерменді жалықтырмауға тырысқан. Ал туындыны бастан-аяқ үзбей көргендер басты қылмыстың қалай және кімнің жасағандығын түсіне алады.
Жанна Исабаева, режиссер:
- Шынайы оқиғаны сцераний негізіне алдық. Әр бөлім бөлек бір оқиға болғандықтан көрермен кез келген сәтте қосылып, сериалды оңайлықпен түсіне алады. Осы ерекше тұсымен біздің туынды көрерменмен жеңіл қабылданады деген ойдамыз.
Қазан айының басында басталған түсіру жұмыстары Алматының түкпір-түкпірінде өтіп, бүгін толығымен аяқталды. Жоғары сапаға қол жеткізу үшін арнайы техника пайдаланып, монтаждау жұмыстары да ерекше көңіл бөлінген. Ал дайын туынды алдағы көктемде КТК арнасынан көрсетілмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары