Ерістің сол жағалауындағы Семей жылуға жарымай келеді
Автор: Олжас Сайлаубекұлы
20.12.2012
Семейде он күннен артық әлек салған аяздың беті біраз бәсеңдегенімен, пәтерлер әлі жылынар емес. Тұрғындар бұған шенеуніктерді кінәлауда. Ал олар өз тарапынан үй иелері баспаналарындағы құбырларды қымтап, қысқа әзірленбеген,-деп ат-тондарын алып қашып отыр.
Ерістің сол жағалауындағы Семей жылда жылуға жарымай отырады. Жетпістен асқан Бәкен ата мен Сайлауғаным әже мұнда биыл ғана қоныс аударған. Қариялар үй мен дала бірдей азынап тұр, -деп күйінеді.
Сайлауғаным Мұхаметқалиева, Семей қаласының тұрғыны:
- 40 градуста үйдің ішінде 0-ден төмен болды. Суық! Тоңып отырмыз тура, жылы жоқ. Сонымен отырмыз міне суық үйде қатып!
Цементшілер ықшамауданында да осындай жағдай. Пәтер ішіндегі температура 5 градустан аспайды. Аязды күндері бөлмелердің ішін қырау басқан.Біреу жылытқыш құрылғыны құшақтап отырса, басқалары оған да зар. Себебі, жаппай электр пештерін қосқанда жарық оқтын-оқтын сөніп отырады. Жергілікті атқамінерлер мұның екі себебін айтып ақталуда. Қазір де сол жағалаудағы жылу желілері әбден тозған. Оны алмастыру үшін кемінде 500 млн. теңге қажет. Оның үстіне қазір көп қабатты үйлердің барлығы дерлік қысқа қамданбапты.
Орынғали Ысмайылов, Семей қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығы:
- Изоляциялары жоқ. Кейбіреулері даже термометр, монометр дегенді мүлдем білмейді! Пәтерлерді аралап көрдім. Батареялары жуылмаған, тіреушелері бітеліп қалған. Сондықтан біраз қиындық көріп отырмыз.
Бүрсең қаққан тұрғындар жылусыз отырған күндердің ақысын төлемейміз, -деп шешті. Қазірде Семейде қыстың қаһары сәл бәсеңдеді. Алайда, синоптиктер жақында аяздың кезекті толқыны болатынын болжап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!