Алматы облысында шенеунікке ірі көлемде ақша берген отбасы жер сипап қалды
Автор: Альбина Асхатқызы
28.12.2012
Жер телімін рәсімдеймін деп жүріп жер сипап қалды. Алматы іргесінен жер алып, үй салмақ болған азаматтар жергілікті «Жылжымайтын мүлік орталығы» бастығының орынбасарына ірі көлемде пара бердік деп отыр. Бірақ ақшаны уыстап алған шенеунік, сол күйі қаржыны да қайтармай, құжатты да реттемей жұртты сандалтып қойған көрінеді. Ақыры шыдамдары таусылғандар бүгін сол орталыққа барып айқайға басты.
- Мен екі күннен бері не тамақ, не су ішпедім. Осында жүрмін, сонда осыларды ұстау үшін ғой. Менде не тыныштық жоқ.
Бұл ақшадан қысылып, әбден ығыры шыққан Рауза Әбішованың жан айқайы. Айтуынша, әупірімдеп жүріп Алматы облысының Қарасай ауданынан жер телімін алған. Бірақ онысы тек шаруашылық мақсатта пайдаланатын жер екен. Ал үй тұрғызбақ үшін «Жылжымайтын мүлік орталығынан» рұқсат алу керек болыпты. Құжатты рәсімдей алмай шаршаған соң ақыры, «барлығын қатырып беремін» деген басшысымақ танысына 600 мың теңге санап бердім дейді.
Рауза Әбішова:
- 18 600 мың бердік...Бір жыл болды жүгіріп жүргенімізге, күнде жүгіремін сандалып. Сөйтсек алаяққа тап болыппыз.Тура біз сияқты 30-40 адам жүр екен еңіреп. Мен екі балам үшін осындайға бардым. Сонда мен не істеймін, өз-өзімді өлтіруім керек па?
Сол 600 мың теңгені де бұл отбасы несиеге алып, қазір өтей алмап жүр. Ал пайызы күн санап артуда. Екі сәбиімен үйде байланып отырған Рауза жұмыссыз. Отағасы-құрылысшы. Бар тапқан-таяғаны күнделікті нанынан артылмайтын көрінеді. Мына бір бөлменің өзін жалдап отыр. Ал ақша берген бастықтың орынбасары сол күйі ұстатар емес. Бүгін тағы қайтарар деген үмітпен Ермек Жанғабыловтың үйіне келді.
Осылайша, екі бүлдіршінін жетектеп Орынбековтар отбасы күнде Ұзынағашта сенделіп жүр. Тіпті, кіші болса да 6 жасар Иманғали барлық жағдайдан хабардар.
- Ермек аға келмеңдер деп маманың ішінен екі рет тепті. Енді келсеңдер атып өлтіремін қарумен деді.
Шындықты білмекке, айбарлы жігіттің өзін таппақ болдық. Шудың шыққаны сол еді «Жылжымайтын мүлік орталығы» бастығының орынбасары бір күн бұрын жұмыстан өз еркімен кетіпті-мыс. Ал басшылық қызметкерлерінің құйтырқы әрекеттерінен хабарсыз екен.
Бекжан Досханов, Алматы облысы «Жылжымайтын мүлік орталығы» РМҚК Жамбыл аудандық филиалының бастығы:
- Бұл Қарасай ауданындағы Абай ауылында ИЖС шығарып берсін деп, Ермекке қаражат берген көрінеді. Енді өздерінің туысқандық қарым-қатынастарына байланысты шығар.
Орынбековтар отбасының айтуынша, дәл осы жерді жеке тұрғын үйдің құрылысы үшін заңды түрде бөліп беруді өтініп, Ермек Жанғабыловқа өз қолдарымен 600 мың теңге санап берген. Алайда, аталмыш азамат жерді бөлмек түгілі күні-бүгінге дейін төбесін көрсетпепті. Өкінішке орай, 1 жарым жылдан бері қарасы батырған азаматты біз де таба алмадық. Ал тентіреп жүрген Орынбековтар жанұясының бар үміті қаржы полициясында.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!