Ауруханаға ауыр халде түскен алматылық үшемдердің жағдайы нашарлап барады
Автор: Олжас Байжан
01.03.2013
Ауруханаға ауыр халде түскен алматылық үшемдердің жағдайы нашарлап барады. Перзентханадан шыға салысымен баратын жер болмай, суықта өкпесі сыр берген сәбилердің бірі - Нұрісләмнің өмірі қазір қыл үстінде. Оған тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатқанымен әлі күнге дейін беті бері қарамапты.
Сұрат Әбілдаев, Алматы қалалық №2 балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Қазір баланың жағдайы тым ауыр. Ол екі мәрте клиникалық өлімнен аман қалды. Салдарынан оның өкпесі, бауыры, орталық жүйке жүйесі мен жүрегі сыр берген. Сондықтан күннен-күнге сәбидің денсаулығы нашарлап барады.
Анықталғандай шақалақтар шала туылғандықтан денсаулықтарына о бастан күтім қажет болған екен. Бірақ Мұхамеджановтар отбасында 7 баладан соң дүниеге келген үшемнің өкпесіне жалдамалы сарайда тұрғандықтан суық тиген. Ауру асқынып, қазір ем де дұрыс қонбай, сәби түтікше көмегімен тыныстап жатыр. Ал көпбалалы отбасының баспана мәселесін шешіп береміз деп уәде еткен атқамінерлерден әлі күнге қайыр болмай тұр. Әкімдік комиссия құрдық деп ауыз толтырғанмен, онысы 2 ай жүріп құжат жинаудан әріге бармаған сыңайлы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!