Алматыда қымбатшылық алқымнан алды деген тұрғындар шу көтерді
Автор: Асыл Әділханұлы
01.03.2013
Қымбатшылық тағы да алқымнан алды. Бағасы өседі дегенді естіген жұршылық бүгін Алматыда наразылық шарасын ұйымдастырды. Алайда жұрттың жан айқайына құлақ асқандар байқалмайды. Керісінше бағаның аспандауын жарыса жариялап әлек. Монополияға қарсы агенттік дизель отыны мен су құнын көтеруге тағы рұқсат берген.
Осылай деп ашына сөйлеген алматылықтар бүгін наразылық шарасын ұйымдастырды. Әсіресе, бір зейнетақыға қараған қариялардың қабағы қатулы.
Рақымжан Аюпов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бұл сұмдық қой. Отыр әні Астана ботқадай-ботқадай болып. Арамтамақтар. Миллиардтап ұрлап жатыр, Мені соттасын. Не үй жоқ не күй жоқ.
Ашына сөйлеген қариялардың жан айқайына құлақ түріп жатқандар байқалмады бұл маңнан. Керісінше, кезекті қымбатшылықты жарыса жариялап жатты. Монополияға қарсы агенттік дизель отыны құнын тағы 8 теңгеге өсіруге рұқсат берген. Агенттік басшылары жанармай бағасы көтерілгенімен, басқа тауарлардың құны өспейді деп халықты жұбатқандай болды.
Анатолий Шкарупа, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:
- 1-ші наурыздан бастап дизель отынының құны біртіндеп көтеріле береді. Баға 102 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұған дейін 94 теңгені ұстап тұрған. Бұл тек жазғы мезгілде қолданылатын дизельге қатысты.
Хәлелхан Әділхан, Алматы қаласының тұрғыны:
- Жанармай қымбаттағаннан кейін нанда қымбаттайды. Суда қымбаттайды. Су қымбат деген сұмдық қой қазақ елінде.
Қарапайым халық сұмдық деп шошып отырған құбылысқа Шымкеттік шенеуніктердің еті үйреніп кеткендей. Дөңгелек үстел басында күлік отырып судың бағасын 175 теңгеге дейін көтеріп тастады.
Аманжол Алпысбаев, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары:
- Тұтынушы бағаны қымбаттатқанда ғана судың қадірін түсінеді. Үнемдеуді үйренеді. Тіршілік нәріне тарифті көтеру арқылы біз суды ысырап еткізбейміз.
Айта кетерлігі Алматылық наразы топтың қала ортасында шу шығаруына бүгін құзырлы орган кедергі келтірмеді. Қымбатшылық пагон таққандарды да айналып өтпесе керек. Екі адамның басы қосылса қолын қайтарып, көлікке тиеп әкететіндер бұл жолы сырттан бақылаумен шектелді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!