Ақтаулық балалар үйінің тәрбиеленушілері сақшылардың бассыздығына наразы
Автор: Олжас Байжан
01.03.2013
Ақтаулық балалар үйінің тәрбиеленушілері сақшылардың бассыздығына қарсы шықты. Олар тәртіпті қадағалауы тиіс полицейлердің заңды өздері аяқ асты ететіндігіне наразы. Тәртіп сақшылары кеше түнде ешбір ескертусіз балалар үйінің есігін сындырып кіріп, жасөспірімдердің дүниесін тексерген көрінеді. Тіпті іш киімдерінен бастап, қолдарындағы ноутбуктарға дейін тінтіген. Ал қадағалаушы органның бұған өз уәждері бар.
Жеті түнде тексеріс ұйымдастырған сақшылардың әрекетінен жетімдер шошып қалыпты. Ешбір ескертусіз бас сұққандар шырт ұйқыдағы жасөспірімдерді оянып, дүниесінің барлығын тінтіп шыққан. Ноутбуктан бастап, іш-киімдеріне дейін ақтарып шыққан көрінеді.
Жұпар Сейітова, Балалар үйінің тәрбиеленушісі:
- Түнгі сағат 12-де прокуратурадан адамдар келіп бізді тексерді. Бізді ұйықтап жатқан жерімізден оятып, тұрғызып, барлық жерді тексерді. Бірақ ол кісілердің қолдарында прокуратурадан келгендігі жайлы қағаз болған жоқ. Келді, тексерді, балалардың барлығын оятты. Түнімен біздің балалар уйінде тексеріс жүрді.
Сақшылардың осындай әрекеттері балалардың наразылығын тудырған. Себебі тексеріске себеп болатындай олардың ешбірі бұзақылық жасамаған екен. Араларында шылым шегіп, ішімдікті ұрттағандары да табылмапты. Сондықтан түнгі тексерісті ұйымдастырғандардың жауапқа тартылуын талап етуде.
Асылбек Алшымбаев, Балалар үйінің тәрбиеленушісі:
- Полиция қызметкері келіп, есікті қақпай, теуіп кіріп, біздерді тексере бастады. Кәдімгідей тексеріп, паластардың астын қарап, отырған компьютерлердің ішін тексеріп жатыр. Арамызда қыздар бар. Солардың ішін де тексеріп жатыр. Бұл мәдениеттіке жатпайды гой.
Заңды аяқ асты еткен полицейлердің жазалануы үшін жетімдер бірден қала прокурорына шағымданған. Анықталғандай жоспардан тыс түнгі тексеріс балалардың қауіпсіздігі үшін жасалыпты.
Талғат Әлібаев, Ақтау қаласының прокуроры
- Бұл жерде ол балалардың ешқандай кінәсі жоқ. Біз өз тарапымыздан күнделікті мониторинг жүргізіп, сол балалардың құқықтарына нұқсан келтірмейтін іс-шараларды өз тарапымыздан қолдаймыз.
Бірақ осыған қарамастан құзырлы орын қызметкерлері тексерісті алдағы уақытта да жалғастырмақ. Себебі жетімдер ішімдік ішіп, тіпті есірткі қолданады деген бірнеше шағым түскен. Ал кезекті рейд барысында балалар үйінің жертөлесінде сыраның бос шөлмектері табылыпты. Тәрбиеленушілердің екеуі аталған бұзақылықтарға қатысы бар деп күдіктенуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!