Әскерде қаза болған сарбаздың анасына шекарашылар 5 миллион теңге төлейтін болды
Автор: Жәудір Оразханова
01.03.2013
Әскерде жүріп жұмбақ жағдайда қаза болған сарбаздың өлімі 5 миллион теңгеге бағаланды. Астана соты марқұмның анасынан түскен шағымға қатысты осындай шешім шығарды. Енді материалдық шығынды шекарашылар өтейтін болады.
Отан алдындағы борышын өтеуге Алматы облысынан аттанған Дамир Арыновтың өлі денесі өткен жылы мамырда Оңтүстік Қазақстан облысындағы 2041 шекара бөлімінің казармасынан табылған еді. Бастапқыда командирлер «ұйықтап жатқанда жауынгердің кенеттен жүрегі тоқтап қалды» деген қорытынды шығарған. Сараптама кезінде дәрігерлер сарбаздың асқазанынан жарты келідей етікке арналған қара май тапқан соң офицерлер 21 жастағы жауынгер өзіне өзі қол жұмсады деп бет бақтырмай отыр. Алайда, марқұмның туыстары мұнымен келіспейді, олар әскерде әлімжеттіктің болғанына сенімді. Оған Дамирдің денесіндегі ауыр соққыдан қалған мына іздер дәлел деп шырылдайды анасы. Жалғыз ұлынан айырылып қалған Зейнера бөлімшедегілерді сотқа берген еді.
Людмила Костенко, «Сарбаздардың аналары комитеті» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
- Өткен жылы қазанда Зейнера Арынова баласының өлімі үшін материалдық өтемақы ретінде шекарашылардан 15 миллион теңге талап етіп, сотқа арыз түсірген болатын. Бүгін оның шағымына қатысты сот шешім шықты. Енді Шекара қызметі 15 миллионның орнына 5 миллион төлейді. Алайда, қылмыстық іс әлі аяқталған жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!