СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
Автор: Төлеген Жұмабек, Елдос Сапарғали
08.03.2013
Футболдан еуропа лигасы аясында миландық “Интерды” қабылдаған лондондық “Тоттенхэм” ірі есеппен жеңіске жетті.
Жанкүйерлердің қызу қолдауымен алға ұмтылған англиялық клуб не бары 6-шы минутта есеп ашты. Гол авторы Гарет Бейл. Таразы басын теңестіруге ұмтылған қонақтар қаншы тырысқанымен нәтиже шықпады. Есесіне шабуылда ширақ ойнаған “Тоттенхэм” Гюльфи Сигурдссонның көмегімен есепті еселеп кетті. Италиялықтар Хуанның орнына Палассионы шығарған болатын. Алайда ол ойынға айтарлықтай өзгеріс енгізе алмады. 53-ші минутта “Интер” үшінші гол жіберіп алды. Дефоның пасын ұтымды пайдаланған Ян Вертонген көзге түсті. Бұл командалар арасындағы қарымта матч 14-ші наурызға жоспарланған.
«Астана» командасының велошабандозы Максим Иглинский көпкүндік велодода «Париж-Ниццаның» төртінші кезеңінде жүлделі екінші орынды иеленді. Бұл күні велокеруен 200 шақырымдық жарыс жолын артқа тастады.
Көмбеден көп ұзамай жатып, жеті велошабандоздан құралған топ пелотонды тастап кете барды. Қаздай тізіліп жүйіткіген кіші-гірім топ сол кеткеннен пелотоннан алыстай берді. Қашқындардан көз жазып қалған үлкен топ мәреге бірнеше шақырым қалғанда жылдамдықты үдете түсті. Нәтижесінде ең соңғы асудың етегіне жете бере, әлгі жетеуді қуып жетті. Айналып келгенде бүгінгі кезеңнің тағдыры спринтерлердің еншісінде қалды. Сәті келгенде көптің арасынан сытылып шыққан швейцариялық Михаэль Альбасини мәре сызығын бірінші қиды. Жерлесіміз Максим Иглинский екінші нәтиже көрсетсе, тұғырдың үшінші сатысына словак Петр Велиц көтерілді.
Биатлоннан әлем кубогының сегізінші кезеңі 2014 жылғы қысқы олимпиада астанасы Сочиде өтіп жатыр. Бейсенбі күні мылтық асынған шаңғышылар жеке сыннан бақ сынасты.
Жиырма шақырымды құраған жарыс бойында үміткерлер нысана көздеу секторына төрт рет бас сұғып шықты. Әйелдер арасында беларусь қызы Дарья Домрачева топ жарды. Ресейлік Ольга Зайцева күміспен күптелсе, германиялық Андреа Хенкель алғашқы үштікті түйіндеді. Ерлер додасында жалпы есептің лидері француз Мартин Фуркад ерледі. Жиырма оқтың бәрін нысанаға дөп тигізген неміс Андреас Бирнбахер екінші орынды місе қылса, украйналық Сергей Семеновтің үлесінде қола жүлде. Қазақстан құрамасы сапында ең үздік нәтиже көрсеткен Ян Савицкий 26 орыннан табылды. Алдағы сенбі күні биатлоншылар спринттік бәсекеден сынға түседі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!