«Тамаша» Алматыдағы Республика сарайына шақырады
Автор: Нартай Аралбайұлы
08.03.2013
«Тамаша» қалжыңқұмар көрерменді ертең Алматыдағы Республика сарайына шақырады. Наурызға арнап дайындалған мерекелік концертте барлығы жаңаша болады. Соңғы дайындықтарын пысықтап жатқан әртістермен Нартай Аралбайұлы жүздесіп қайтты.
Бұл Тамашаның тарландары, сыйлап келгенге де сынап келгенге де қарап жатпайды. Қарашаны күлкімен қарқ қылудың қарекетін қылуда. 9 наурыздағы ұлан-асыр күлкі кешінің алдындағы соңғы дайындық. Ширек ғасырдан бері Тамашамен елді таңдандырып келе жатқан сатира сырттандары әр көріністі басынан аяқ пысықтап алады. Жаңа жылға арналып жасалған мерекелік концерттің тың жаңалығы да жетіп артылады.
Асылбек Боранбай, «Тамаша» әзіл-сықақ театрының Бас режиссері:
- Бұл тамашаның тағы да бір ерекшелігі осы жолы біздің Тамашаны, жалпы қазақ халқын басқа ұлт өкілдері құттықтап келеді. Өздерінің әніменен сәніменен биіменен құттықтап үлкен сый жасамақ. Бұл да Тамашаның басты ерекшелігі. Ал көрермендерге қойылмаған жаңа көріністерді ұсынып жатырмыз.
Қылышын сүйреп жеткен қыстың қаһарына шыдап, тіршілік біткен тірілетін көктемге аяқ басқан шақта жұрттың жүзін жадыратуды мақсат тұтқан өнерпаздар қобалжулы. Тамашадан көрермен тамаша әзілдер күтетіні анық. Қобалжу болса да барлығы қалжыңның қалқанымен көмкеріледі бірақ.
Үнтаспаны қосуды дайындықта ұмыт қалдырып, күлкіге қарқ болған әртістер сахнада елдің үмітін ақтайтындықтарына бек сенімді. Би де бар, ән де бар. 30 жылға жуық әзілдің майданында тер төгіп жүрген Қадірбек ақсақал да жастармен бірге жұрттың жүзін жадыратпақ.
Қадірбек Демесінов, «Тамаша» әзіл-сықақ театрының артисі:
- Мен қартайдым болдым десе ол қала береді. Осы жастардың алдында жүрсем бе деген мақсат мықты ғой бізде. Солай қалыптасқанбыз. Бұл өнер болғаннан кейін солай. Өнер әрқашанда тың, жаңадан ойлар, жаңадан шеберлік, ерекше пластика соның барлығын қамти береді. Ерекшелігі сонда.
Ендеше уытты қалжыңға қарқ болып, сатира саңлақтарының сөзінен сыр ұғамын деген ағайынды Тамаша тарландары ертең Республика сарайында күтеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!