Депутаттар мен коммунистер жаппай наразылық шарасын өткізді
Автор: Жәудір Оразханова
12.03.2013
Коммунистер коммуналдық ақының аспандап бара жатқанына қарсылық білдіріп жаппай наразылық шарасын өткізді. Наразы топ жыл сайын тозығы жеткен құрылғыларды жаңартамыз деген сылтаумен жарық, жылу, электр қуаты бағасының қымбаттауына қарсы. Шара тек Астанада ғана емес, бір мезетте Орал, Тараз және Алматыда да болды. Митингке шыққандардың арасында мәжіліс депутаттары да бар.
Бұл -Астанадағы әдетте ереуілшілер жиналатын күлтөбе. Наразы топ алдымен осында жиналды. Мұнда зейнеткерді, қарапайым қала тұрғындарын, тіпті депутаттарды да кезіктіруге болады. Жиналғандардың әлеуметтік деңгейі әркелкі болғанымен мәселесі ортақ – олар жүгенсіз кеткен коммуналдық қызмет бағасына қарсы.
Владислав Косарев, Мәжіліс депутаты:
- Республика бойынша коммуналдық қызмет құнын зерттедік. Баға жыл сайын шарықтап барады. Мәселен, Астанада соңғы екі жылда электр энергиясы 33 пайызға өстіпті. Ал, ыстық су – 37, жылу – 13 пайызға қымбаттаған. Бұл бассыздықты мемлекеттің қолға алуын және бағаны реттеуін талап етеміз.
Отандық монополистер ойына келген тарифті белгілейді, ал тозығы жеткен құрылғыларын тұтынушы есебінен жаңартады. Бұл нағыз құқық бұзушылық деп ашын топ Үкіметтен алдағы 2-3 жылда коммуналдық қызмет бағасына мораторий жариялауын талап етуде. Ал, елімізге әр жаңа жылмен қосарлана келетін қымбатшылық қарапайым халық түгілі депутаттардың да қалтасын қаға бастапты.
Жамбыл Ахметбеков Мәжіліс депутаты:
- Мен өзім үйде коммуналдық қызмет төлеймін. Қаңтар айынан бастап жоғары көтерілгенін байқаймын. Мен айына 18 мың шығатын, қазіргі кезде 28 мың төледім. Сондықтан бағаның өскені көзге көрініп-ақ тұр.
Коммунистік партия белсенділері мен қараша Алматыда да наразылық шарасын өткізді. Себебі, мұнда биылдың өзінде жылу, электр энергиясы мен су бағасы екі есеге шарықтаған. Қымбатшылық әсіресе зейнеткерлер үшін қиынға соқты. Мәселен, өмір бойы суық суға түсіп келген қала тұрғыны Владимир Ткаченко енді қартайған шағымда оған да зар боп қалдым дейді.
Владимир Ткаченко, Алматықаласының тұрғыны:
- Суға түсуден қалдық. Билік партиясына сол үшін алғыс білдірем. Әрдайым спортпен шұғылдан деп жар салады. Қазір суық суға түсетін әдетімнен жаңылдым. Зейнетақының өзі ішіп-жемге әрең жетеді.
Мұндай митингтер еліміздің өзге аймақтарында да өтіп жатыр. Елордадан басқа Орал және Тараз қалаларында да партия мүшелері жиналып, мемлекеттік органдардан жыл сайын коммуналдық қызметтерді шарықтатпауды талап етіп отыр. Ал, егер талаптарымыз орындалмаса, бұдан да қатаң қадамдарға баруға дайынбыз, дейді белсенділер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!