Ақмола облысында шенеуніктердің мәдениетке бөлінген қыруар ақшаны қалауынша шашқан
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
13.03.2013
Ақмола облысында мәдени шу шықты. Зеренді аудандық мәдениет бөлімінің басшылары бірігіп бюджет қаражатын талан-таражға салған деп айыпталуда. Аудандағы мәдениет бөлімінің бастығы, мәдениет үйі директоры мен бас есепшісі сахналық костюмдерге бөлінген мемлекет қаражатын жымқырды, қағаз жүзінде ғана тіркелген қызметкерлердің атынан жалақы алып келген деген айыппен іс қозғалып, қазір ол сотта қаралып жатыр.
Әртістердің костюмдері де, қойылымдарға бөлінген қаражат та жоқ. Бұл аудандық мәдениет саласындағы былықтың беті ғана. «Сударушка» ардагерлер ансамблінің өнерпаздары одан басқа да бармақ басты, көз қысты жағдайлардың куәсі болғандарын айтады.
Бағлан Алешкин, «Сударушка» ансамблінің жетекшісі:
- Тергеу басталған кезде, қоймадан маған қағазға оралған жаңа баян берді. Алып қарасам, онда 420 рубль деп тұр. Сөйтсем Кеңес Үкіметі кезінен қалған ескі баян екен.
«Сударушканың» өнерпаздары айтып тұрған баянды шенділер 150 мың теңгеге сатып алынды деп әкімдікке есеп берген. Ардагер өнерпаздардың айтуынша, мәдениет үйінде директор деген тек аты ғана. Бұған дейін де мәдениет бөліміндегі бастыққа бағынбаған талай директор жұмыстан қуылған.
Яғни Мәдениет үйі жеке мекеме бола тұра, ондағы кез келген шаруа тек аудандық бөлім бастығының рұқсатымен ғана іске асырылып келіпті.
Роза Сағындықова, Зеренді аудандық «Мәдениет үйі» директорының бұрынғы міндетін атқарушы:
- Біз мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы тікелей бөлім бастығына қызмет еттік. Мен өз басым талай оның жіберген тойларында ән салдым. Бірақ, ақшасын өзі алады. Бізге сендер жалақы аласыңдар, ауыздарыңыды жабыңдар дейтін. Мен 3 ай ғана директордың міндетін атқардым. Ешқандай бұйрық болған жоқ. Бір екі құжатқа қол қойғызды, бірақ ойлағам жоқ осылай болады деп.
Ал, қазір жауапқа тартылып жатқан шенеунік сүттен ақ, судан тазамын деп отыр.
Әсия Райымбекова, Зеренді аудандық мәдениет бөлімінің бұрынғы бастығы:
- Директордың, есепшінің ісіне мен араласқан жоқпын. Мәдениет үйі жеке мекеме. Олар қолды өздері қойды. Менің оған ешқандай қатысым жоқ. Жұмыс бабындағы мүмкін реніштері бар шығар. Мен ешкімнің қалтасына түскен жоқпын. Ол костюмдерді өздері білмейді қайда екенін. Маған жала жауып отыр қазір.
Жала жапты деп тұрған мәдениет бөлімінің бастығы туысқандарын Мәдениет үйіне жұмысқа орналастырған. Құжат жүзінде ғана тіркелген «қызметкерлер» үшін маңдай тер еңбек ақыны өзі алып келген. Қазір осы іс сотта қарап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!