Ақтөбеде әкімдік сайты құпия мәліметтерді жариялап жіберген
Автор: Бекжігіт Мәуленов
14.03.2013
Ақтөбелік шененуіктер пәтер кезегінде тұрған 139 азаматтың туберкулездің ашық түрімен ауартындықтарын жалпақ жұртқа жария еткен. Құпия ақпарат әкімдік сайтына шығып кетіпті. Бұны медицина саласы мамандары науқастардың жеке өміріне қол сұғушылық деп бағалап отыр. Ал шенеуніктер болса ешкімнің құқығын бұзған жоқпыз деп ақталып бағуда.
Ақтөбе қаласы әкімдігінің ресми сайтындағы парақта 139 адамның тізімі жарияланған. Олардың мекен-жайынан бастап, отбасында қанша адамның тұратындығы және туберкулез дертінің ашық түрімен ауратындығына дейін тәптіштеп жазылыпты. Бірақ мұндай ақпараттың жалпақ жұртқа жария болғандығына дәрігер мамандар ашынып отыр.
Ізбасқан Аймағанбетов, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі:
- Әкімшілік те, үкімет те адамның нендей аурумен аурады деп, туберкулез болсын, басқа ауру болсын құқығы жоқ. Ол дәрігерлік құпия емес пе. Ешкімнің пәлен аурумен аурады деп сайтқа, теледидарға шығаруға құқығы жоқ.
Сайтқа құпия тізімді жариялаған қалалық тұрғын үй қорын есепке алу бөлімі екен.Ондағылар ақпаратты таратуда ешқандай оғаштық көріп тұрғанымыз жоқ деп бет бақтырмады. Керсінше, олардың ақысыз пәтерге қол жеткізгелі отырғандарын айтып ақталды.Тіпті газет беттеріне тағы қайта басып шығару ойларында бар.
Жанаргүл Дүйсекенова, Ақтөбе қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторының меңгерушісі:
- Жер қатынастары туралы заңға сәйкес біз осы тізімді жариялауға тиіспіз. Ал, сондықтан біз біреудің құқықтарын бұзғанымызды дұрыс емес деп есептемейміз. Бұл мәлімет құпия емес. Біз газетке де жариялауға тиіспіз.
Шу туғызған сайттағы тізімді шенеуніктер түстен кейін алып тастапты. Құқық қорғаушылар болса азаматтардың жеке басына қатысты құпия деректі тартқан тұлғаларды жауапқа тартуды талап етуде. Сонымен қатар медицина қызметкерлері жариялылықты желеу еткен әкімдіктегілерге науқастың дертін ашық жазбай, нөмірмен белгілеу туралы ұсыныс жасаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!