Астанада қақпақсыз жатқан құдықтарға қатысты тағы бір оқыс оқиға тіркелді
Автор: Жәудір Оразханова
18.03.2013
Астанада алты жасар бала ашық жатқан кәріз құдығына құлап, майып бола жаздады. Бірінші сыныптың оқушысы сабақтан шыға салысымен мектеп жанындағы қараусыз жатқан кәріз шұңқырына түсіп кетіпті. Абырой болғанда құдықтың ішіндегі су мұз болып қатып қалғандықтан ол ауыр жарақат ала қоймапты. Дегенмен жарты сағатқа жуық құдықта отырғаннан әбден шошып қалыпты. Енді оның ата-анасы қайғылы оқиға тіркелмей биліктегілердің қозғалмайтынына налиды.
Дидар өзі оқитын мектептің жанындағы мына құдыққа құлаған. Әдеттегідей қоршауды жағалап үйіне қайтып келе жатқан ол аяқ астынан шұңқырға топ ете түскен. Абырой болғанда, қасындағы өзі қатарлас балалар абдырап қалмай, жан-жағындағыларды көмекке шақырып, дер кезінде шығарып алған.
Дамир Серікбай, Дидардың сыныптасы:
- Апай, Дидар құдыққа түсіп кетті дедік. Сосын бір қыздың мамасы шықты. Сосын менің мамама барды, осы жерге келіп, Дидарды алып шықты.
Оқушылардың айтуынша, бұл маңда қар астында жатқан қақпақсыз құдықтар жетерлік. Аузы ашық шұңқырлардың санын жауаптылар түгілі бірінші сыныптың балалары да біледі.
Ал, Дидардың өзі бірнеше күннен бері ыстығы көтеріліп, мектепке бармай үйде жатыр. Қатты шошынып қалған бала тілшілерге болған оқиғаны түгел баяндап берді.
Дидар Әбдіраш, зардап шегуші:
- Күрек салды да мойынорағыш берді. Сосын мені содан тартып, шығарып алды. Еріген су, еріген қар болды.
Гүлшат жалғыз ұлы түсіп кетіп, майып бола жаздаған құдықтың кімге тиесіле екенін таба алмай жүргенде, белгісіз біреулер оны жауып кетіпті. Айтуынша, өзі тұратын көшенің бойындағы бір жылдан бері ашық жатқан мына шұңқырға да аяқ астынан қақпақ пайда бола қалған.
Гүлшат Рахметова, Дидардың анасы:
- Кеше ғана жапқан шығар, ашық жатқан, жаңа жапқаны көріп тұр ғой. Бір жылдан бері ашық жатқан. Кешегі жағдайдан кейін ғана жапқан.
6 жасар бала құлап қалғаншаашық жатқан бұл құдықтар «Астана су арнасына» тиесілі екен. Мекеме өкілдері енді құдық қақпасын ешкім ұрламайтын болады деп сендірді.
Вахит Ниязов, «Астана су арнасы» МҚК-нің баспасөз хатшысы:
- Астана қаласы бойынша 10 500 құдық бар. Қазір олардың барлығына мөр басқалы жатырмыз. Бұл ұрыларға аз да болса тұсау болады деп сенеміз.
Бұл Астанадағы қақпақсыз құдықтарға қатысты алғашқы оқиға емес. Өткен жылы ғана дәл осы Көктал ықшам ауданында үшінші сыныпта оқитын қыз бала көше бойындағы ашық жатқан құдыққа түсіп кетіп, қаза болған еді. Мұндай мысалдар еліміздің өзге қалаларында да жетерлік. Мәселен, былтыр Теміртау қаласында екі жасар бүлдіршіннің және Семейде аулада ойнап жүріп үйіне оралмаған алты жасар Артемнің денесін сақшылар іші қоқыс пен суға толы кәріз құдығынан тапқан болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!