Семей мен Қарағандыда тұрғындар қызыл судан жапа шегуде
Автор: Олжас Сайлаубекұлы
18.03.2013
Семей шетіндегі жер үйлерді су басып жатыр. Қызыл судан үрейі қашқан жұрт баспаналарын тастап, туыстарын жағалап кеткен. Ал, паналайтын жері жоқ жандар баспаналарында су кешіп жүруге мәжбүр. Абдыраған жұрт шенділерден қанша көмек сұраса да, еш нәтиже болмай тұр.
Семей шетіндегі саяжай тұрғындары күн жылынғалы күн күлкісінен, түн ұйқысынан айырылған. Еріген қар суы үй ішіне лап қойыпты. Абдыраған жұрт сан мәрте әкімдікке хабар бергенімен, көмекке келген жан жоқ.
Гүлнұр Бекібаева, Семей қаласының тұрғыны:
- Мен айттым қызыл су басып келе жатыр, оны аршыңыздар, не ары қарай жіберіңіздер деп. Маған 315-тегі көзілдірік киген аға айқайлайды: Әкеңнің басына отырсың ба, қолыңа ал да өзің тазала біздің жұмыс емес бұл деп
Үйлеріне кірген суды тұрғындар шелектеп тасуда. Көшелер де көлкіген судан босамай, көлік тұрмақ, адамдар аяқ алып жүре алмайды.
Альмира Қожағұлова, Семей қаласының тұрғыны:
- Суды тоқтатуға шамамыз келмейді. Оқушылар бар, су кешіп жүр аяқтарын кептіру қиын. Сабаққа қалай жібереміз бала-шағаны?
Шенділерден қайран болмаған соң тұрғындар өздігімен құм әкеп, төкпек болған. Алайда жүк көліктерінің өзі белшеден келетін суға батып, тұрып қалуда.
Атқамінерлер болса, коммуналшылар тәулік бойы қызмет етуде деп ақталып әлек. Дегенмен қала шетіндегі су басқан саяжайлар туралы бейхабар боп шықты.
Орынғали Ысмайылов, Семей қалалық ТКШ бөлімінің бастығы:
- Восточный кентінен, 7-ші желіден сұрақ мен естіген жоқпын. Бізде болған жоқ ондай сұрақ.
Қызыл су Семейдің Суықбастау ықшамауданына баратын жолды да шайып кеткен. Еріген қар суын өткізуге арналған тоннель де қарғын судың екпініне шыдас бермеді. Қазір мұнда жол уақытша жабық. Қызыл су қарағандылықтарды да қыспаққа алды. Мұнда тілсіз жау 80-ге тарта үйді басыпты. Бастапқыда төбе көрсетпеген қарағандылық шенділер мен құтқарушылар бүгін жанталасып, төтенше жағдаймен күресуге көшті. Олар 11 адамды су басқан үйден көшіріп, екеуін ауруханаға жатқызды. Дегенмен қауіптің бұлты әлі сейілмейтін сияқты. Себебі күн күрт жылыса, су қоймалары мен өзендер арнасынан асуы мүмкін. Қазірдің өзінде облыстағы өзендерде су деңгейі 1 жарым метрге дейін көтерілген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!