Сот аудандық әкімдікті заңсыз сатқан жер телімдерін тұрғындарға қайтарып беруге міндеттеді
Автор: Нартай Аралбайұлы
19.03.2013
Алматы облысының Қарасай ауданы әкімдігі қарапайым халықпен соттасып, жеңіліс тапты. Жекешелендіру кезінде тиесілі жерлерін ала алмай қалған “Алатау” кеңшарының тұрғындары шенділердің құйтырқы әрекеттерін 3 жыл жүріп ақыры сот алдында дәлелдеді. Бұрын ұжымшарларда қызмет еткен сауыншы, бақташы, көлік жүргізушілеріне пай ретінде берілуі керек жерді әкім қаралар өзара бөліп алған көрінеді.
Қара жер үшін қырқысып жүрген жұрт Қарасай аудандық сотының алдына қара қылды қақ жаратын шешімді күтіп жетті. 200-ден астам адамның айтқаны мен айғайы біреу, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен ұлтарақтай жерді қайтарып алу. Алатау кеңшарында жекешелендіру болмай тұрып қара жұмыстың барлығын атқарған ағайынның қолында құшақ-құшақ құжаттары бар. Бәрі заңды. Бірақ шенділер тізеге салып 292 адамға тиесілі 35 гектар жерге өздері би өздері қожа боп отыр.
Қаламқас Байшөкенова, заңгер:
- Жерді осы кісілерге бергеннің орнына әкімдік өздерінің 9 адамына ғана беріп отыр. 35 гектарды 9 адам 4 гектардан бөліп еді. Мына адамның 292 адам өздеріне тек 10 соток жер тілеп еді.
Жұрттың қолы жетпей жүрген жер қазір қаланың қапталында. Қабат-қабат зәулім тамдар тұрғызылған. Мұнда соттасып жүрген 292 адамның жер телімі тұруы керек-ті. Бірақ жер құны қып қызыл қаржы тұратын аумақ шеңгелдеп асап үйренгендердің құлқынын қоздырса керек. Онсыз да жер дауынан көз ашпайтын тұрғындар бүгінгі сотында шенділерді де іреп салды.
Өзіміздің өкілдерімізге жер береміз, басқаларың жер шұқып қалыңдар деген әкім қараның әккі әрекетін сотта жайып салды жұрт. Заңгерлер де қарап қалмады. Судья сол кезде әкімдіктің өкіліне сөз берген. Сөйтсек ол сөйлеуге емес тың тыңдауға келіпті. Ақпараттан да бейхабар екен.
Тұрғындардың тек жатпасын білген шенділер аяқасты ақсақалдар алқасын құрған. Жер соларға тиіпті-мыс кейін. Бірақ қулығына құрық бойламайтындардың құйтырқы әрекеттері сотта әшкере болды.
Таңдай қағасың, мұндайда болады екен. Топ боп жүрген 292 адам ақыры шенеуніктердің қомағай құлқынында кеткен қара жерді қайтарып алды.
Ен даладағы жерден еншісін ала алмай жүрген ел бүгінгі сот процесінде ақыры жеңіске жетті. Бұған дейін талай табалдырықты тоздырып келген 292 адам өздеріне тиесілі 35 гектар жерді теңдей бөліп алатын болады. Ал бұл жер телімін бұған дейін санаулы адамға бөліп берген Қарасай аудандық әкімдігінің әрекеттері қатаң тергелмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары