Түнтеков темір тордан босап шықты
Автор: Альбина Асхатқызы
19.03.2013
Бүгін белгілі әнші Қайрат Түнтеков бостандыққа шықты! «SuperstarKZ» жобасының жарқын бейнесі жаңа жыл қарсаңында жасаған жол апаты үшін 40 күнге темір торға тоғытылған болатын. Көлікті мас күйінде жүргізген әнші әуежайға барар жолда «Прадомен» соқтығысып, рөлдегі қыз жараланған. Уәдені үйіп-төгіп, жауаптан жалтарған Түнтеков кейін абақтыдан бір-ақ шықты. Бүгін сол 40 тәулігін түгел өтеген әншіні жолдас жораларымен бірге жалғыз тыңдарманы күтіп алды.
«SuperstarKZ» жеңімпазы, баршаға белгілі әнші Қайрат Түнтеков қамалды дегенді естіген көпшілікте ес болмады бастапқыда. Барлығы мүмкіндігінше көмек беруге тырысып бақты. Бірі жұлдызға ұйымдастырылған кештерден қалмаса, енді бірі оның қамалған жерін торуылдаумен болыпты. Солардың бірі Сақып Жаңабаева. Жетпісті алқымдаған қария гүлін көтеріп бүгін де сүйікті әншісін күтіп алуға жалғыз келді.
Бауырларының бұл әрекетін ағасына деген сағынышы деп түсіндік. Сондықтан болар, Қайратты тілшілермен тілдесуге мұрша бермей дедектетіп сүйреп алып кетті.
Сақып Жаңабаева, Қайраттың жанкүйері:
- Шымкенттің атын қалай шығарды? Даусы қандай, анандай дауыс деген ешкімде жоқ. Оны арашалап қолдау жасау үшін оған мен көп нәрсеге барам.
Әншіні сот ақпан айында 40 тәулікке қамау туралы үкім кескен-ді. Өзгенің көлігін құжатсыз әрі мас күйінде жүргізіп, жол апатына себепкер болғаны үшін. Аты дардай әртістің абақтыға қамаларын әріптестері де күтпеген. Бірқатары тіпті концерт ұйымдастырып, Қайратты темір тордан құтқармақ болған. Концерттен түскен ақшаға материалдық шығынды өтеп береміз деп. Бірақ 7 млн теңге жинап береміз дегендердің ойлары іске аспады. Енді жәбірленуші тараптың шығынын бір айдан аса абақтыда отырып шыққан әншінің өзі өтеуі тиіс. Темір тордан шығарда тағы уәдені үйіп-төгіп қолхат қалдырған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!