Алдағы үш айда еліміздегі жұмыссыздар саны 12 мыңға артпақ
Автор: Нартай Аралбайұлы
26.03.2013
Алдағы үш айда еліміздегі жұмыссыздар саны шамамен 12 мыңға артпақ. Оған себеп 1-ші шілдеге дейін бір ортаға жиналып, бір жерден басқарылатын бірыңғай зейнетақы қорының құрылуы. Яғни отандастарымыз бұрынғыдай пайыздық көрсеткішіне қарай қор таңдамайды, қаласа да қаламаса да тек бір жерге зейнет жасына жеткенде талғажау ететін қаржысын жинамақ. Бір ортаға біріктірілген қорда барлық маманға жұмыс табылмайтыны белгілі. Сондықтан менеджерлер мен агенттерін қосқанда 12 мыңнан астам қызметкер қысқартуға ілінеді.
Қуаныш есімді қордың қызметкері қуана алмай қапа болды осылай. Жинақтаушы зейнетақы қоры дегенді жинап тұрып бір ортаға бағындырған билікке айтар базынасы бар. Бас-аяғы 10 зейнетақы қоры болатын, оған 1 млн 800 мың адам айлығының 10 пайызын аударатын. Бейнетпен өткен өмірінің қартайғанда зейнетіне жарату үшін. Енді осы қорлардың барлығы бірыңғай жүйеге біріктіріліп жатыр. Соның салдарынан өзге 10 зейнетақы қорында қызмет қылғандар жұмыссыздардың санын арттырмақ.
Қуаныш Уайханов, Зейнетақы қорының қызметкері:
- Бізге екі ай берді ғой. Екі айдың ішінде басқа жұмыс табу керек. Жұмыс іздеудеміз.
Қуаныш сынды қазір менеджері, агенттері бар жалпы саны 12 мыңнан астам маман өзге қызмет іздеп, сең соққан балықтай сенделіп жүр. Ал жаңа жерден жұмыс табыңдар деп берілген мерзім, мамыр айы болса қыр астында. Қызметкерсіз қалып қаржы нарығындағы орны ойсыраған қорлардың кеңселері қаңырап қалған. Құрылуына уақыт төреші боп тұрған бірыңғай зейнетақы қорына білек түріп қарсылық білдіріп жүрген Айдар Әлібаев бұл әлін білмегендердің әлегі дейді.
Айдар Әлібаев, Қазақстан зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы:
- Үкімет қарапайым жұмыскерлерді ойламай отыр. Ойларына келгендерін істеуде. Әрине бір қордан барлық маманға қызмет табылмайды. Ал, бұған дейін қызмет еткендер далада қалады. Және бірыңғай зейнетақы қоры жалпы саны 8 жарым миллион есеп шотқа қызмет көрсетуге реттеуге қауқарлы ма ол жағы да ойластырылмаған.
Жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметі бірнеше жылдан бері талқыға көп түскен тақырыпқа айналды. Яки зейнетақы көлемі еліміздегі ең төменгі айлық жалақы көрсеткішінен төмен деп сынға ұшырады. Кейін әлеуметті қорғаймыз деп әуре болған әлеуметтік қорғау министрлігі әйелдердің зейнет жасын 5 жылға ұзартуды сұрады. Енді міне жалпы айналымы 3 трлн теңгені құраған 10 зейнетақы қоры бір ортаға бірікпек. Ал жұмыссыз қалған қыруар маманның әрқайсысы қазір өздеріне жылы орын іздеп әлек. Мамандар нарықтағы осы өзгерістер енді сақтандыру компанияларына да келуі мүмкін деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!