Астананы тағы еріген қар мен кәріз суы басып жатыр
Автор: Жәудір Оразханова
26.03.2013
Астана тағы су астында қалды. Бұл жолы тұрғын үйлердің жертөлесін еріген қар мен кәріз суы араласа жайлаған. Қызыл су құдықтарға құйып, шұңқырлар тасып жатыр. Айналаға тараған нәжіс пен кір судың қолаңса иісіне тұншығып тындық дейді тұрғындар. Бес күндік демалыста тобықтан су кешіп, өз баспаналарына жолай алмай әбден әбігерге түскен жұрт әлі де аулаларында шулап жүр. Ал, коммуналдық қызмет болса, суды сорып үлгере алмай жатыр.
Кәріз судың астында қалған үйлердің бірі - мынау. Бір аптадан бері бұл баспананы паналаған жұрт балтырдан су кешіп, үйлеріне кіре алмай жүр. Қыс бойы мұз болып қатқан қар еріп, ауладағы кәріз құдықтарын бітеп тастаған. Салдарынан баспананың кіреберісін кір су басқан, ал ауланы жайлаған жағымсыз иіс қолқаны қабады.
Болат Тәкешбаев, Астана қаласының тұрғыны:
- Канализацияның ішіндегі толық шығып кеткен сыртқа, сасып, бүкіл жерді алып жатыр.
Қызыл су ауладағы жүзден астам тұрғыны бар көпқабатты үш үйді де алып жатыр. Бұл баспаналардың бірінде де пәтер иелері кооперативі болмағандықтан кәріз жүйесі жиі апатқа ұшырайды дейді тұрғындар.
Тамара Иванова, Астана қаласының тұрғыны:
- Тіпті электр-есептеуіштері де судың астында қалды. Бұл үйде адам тұрады ғой, бір күні тоқ соғып біріміз мерт болсақ кім жауап береді?
Қазір мамандар арнайы техникамен суды сорып жатыр. Алайда, апталап жиналған көлшік бір-екі көлікке бой берер емес. Ал, қақпағынан қалдық су атқылаған құдықтарға жауаптылардың асығатын түрі жоқ.
Вахит Ниязов, «Астана су арнасы» МКК-нің баспасөз хатшысы:
- Кәріз станциялары тек қалдық суды соруға арналған. Ал, қазір қар еріп, судың көлемі тым артып кетті. Сондықтан үлгере алмай жатырмыз.
Ал, мына үйдің жағдайы мүлдем қиын. Әр көктемде су астында қалатын баспана шөгіп, іргесі жерге кіріп барады. Тіпті үйге кіретін есік те еңкейіп қалған. Шатырдағы еріген қардан қабырғалары қақырап, қираудың алдында тұр. Ал, пәтер іші шылқыған су. Бұл – балалар бөлмесі. Баспананы су басқалы мұнда бүлдіршіндер жуымайды. Тек судың бетінде олардың ойыншықтары ғана қалқып жүр. Ал, мынау асхана. Үй иесі Алмагүл 7 күннен бері тобықтан су кешіп ас әзірлеп жүр.
Шаңырағы шайқалған бұл үйдің кейбір тұрғындары ай бұрын пәтерлерін тастап,туыстарын жағалап кеткен. Баратын жері болмаған Алмагүл ғана кішкентай немерелерімен су басқан баспанасынан шыға алмай отыр. Таң атса болды, әкімдікке қоңырау шалады. Ал, атқамінерлердің жауабы жалғыз - баспана келесі жыл сүріледі екен.
Алмагүл Теміржанова, Астана қаласының тұрғыны:
- Жылда басады. Әкімге де бардық, Крыловқа да жаздық. Түсіруболады, бірақ күзде ақша бітті,ақша жоқ, сендерден де жаман үйлер бар, соларды қараймыз деп айтады.
Тұрғындар өз аулаларын сасық көл деп те атайды екен. Көпшілік қолаңса иісі мұрынды жаратын үй артындағы мына суды меңзейді. Олар жылдар бойы сарқылмайтын бұл көлшікке де жауаптыларды іздеп таба алмай жүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!