СҚО-да 1 ай бұрын жоғалып кеткен ерлі-зайыптылардың мәйіттері табылды
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
26.03.2013
Солтүстік Қазақстан облысында осыдан 1 ай бұрын жоғалып кеткен ерлі-зайыптылардың мәйіттері қар астынан табылды. Олар басқа ауылда тұратын анасын жерлеуге боранды күнге қарамай, жолға шыққан екен.
Уәлиханов ауданы Тілеусай ауылында тұрған Жамбыл мен Мәдина Белгібаевтар ақпанның 25 күні үйлерінен шығыпты. Жол қардан тазаланбағандықтан, олар 40 шақырым жердегі Мортық ауылына жаяу шығып, сол жерден Павлодарға қарай көлікке отырмақ болыпты. Алайда ерлі зайыптылардан сол кеткеннен хабар ошар болмаған. Ал мәйіттерін араға ай салып, шаңғымен іздеуге шыққан учаскелік инспектор ауылдан 25 шақырым жерден тапты. Денелері бір-бірінен 2 шақырым алшақ жатқан. Алдын ала жасалған жорамал бойынша, Белгібаевтар үсіп өлген. Марқұмдардың арттарында төрт баласы жетім қалды. Үлкені 14 жаста, кенже ұлдары төртте ғана.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!