Қоңызды кәдеге жаратты
Автор: Аруна Ортай
02.12.2013
Пайдасы көл көсір қызыл қоңыз! Ғалымдар кәдімгі қызыл қоңыздың ауыл шаруашылығына тигізер пайдасын тапты. Осы жәндіктің арқасында диқандарға өнімді еселеп артық алуға болады екен. Енді тіпті астықтың дымын қоймайтын зиянкестерге алаңдамаса да болады. Қазақ ғылыми-зерттеу институтының арнайы зертханасында бұл зиянды жәндіктердің көзін біржолата жоятын тірі қару өсіріліп жатыр.
Қалбыр ішінде қыбырлаған қоңыздар өсімдікті жеп жатқан жоқ, қайта зиянкестерден тазартып жатқан жайы бар. Қызыл қоңыздың азиаттық түріне жататын бұл жәндіктерді егістікке жіберсе болғаны, кез-келген химикаттан артық, ашкөз шіркейлерді әп-сәтте ақ қырып салады екен.
Қазыбек Төлеубаев, Өсімдіктерді қорғау Қазақ ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:
- Ауыл шаруашылық өндірушілерге көмектесіп, осы биологиялық әдіспен оларға біз ғылыми көмек көрсететінімізге сенеміз.
Зиянкестерді ашқарақтана жейтін бұл қоңыздарға ғалымдар «биоагент» деп ат қойыпты. Қоңыздар, тіпті, күйе көбелектердің де түгін қалдырмайтын көрінеді. Бір топ лаборатория қызметкерлері енді оларға жағдай жасап өсіріп отыр. Көбейтіп есесіне экологиялық таза өнім алмақ.
Абай Сағитов, Өсімдіктерді қорғау Қазақ ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:
- Мысалы, мына жүгеріні, таза жүгерінің дәнін 17 тоннадан алуға болады әрбір гектарынан, мысалы, біз биылғы жылы америкалық сорт «Пионер» деген өсірдік, ол деген 4 м, 4,5 метрге шейін биіктігі өскен жүгері. Енгізуге болады, өзіміздің сорттарымыз бар, Югославияның сорттары бар неше түрлі.
«Биоагенттер» ағаштарды да қорғап қала алады екен. Мәселен, мынау бір ғана ағаш діңгегінен алынған зиянкес. Әбден семіріп, діңгекті шірітіп жіберген. Дер кезінде шара қолданғанда, жағдай мұншалықты мүшкіл болмас еді дейді ғалымдар. Жаңа ашуларына зерттеушілер патент те алған. Тек шаруалардың бет бұруын күтіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!