Ереуілшілер арнайы жасақтың шебін трактор арқылы бұзды
Автор: Нартай Аралбайұлы
02.12.2013
Украина астанасы Киевте еуроинтеграция жақтастарының бейбіт басталған шеруі ақыры қырғынға ұласты. Ереуілшілер қала әкімшілігін басып алып Үкімет үйінің алдына дейін жеткен. Тіпті президент әкімшілігіне де шабуыл жасалды. Оппозиция мен күш құрылымдарының осы қақтығысы кезінде жараланғандар көп. Жұрт Еуропалық Одақпен келісімге қол қоюдан бас тартқан президент Виктор Януковичтің тақтан кетуін талап етуде.
Еуропа мен Кеден Одағының ортасында оңтайлысын таппай басы қатқан Украина билігіне қарсы жұмсалған жұдырықтың басы бұл. Киевтегі басты алаңға жиналған оппозиция жақтастары президент Януковичті ескіні аңсайтын одаққа кірмек деп айыптауда. Бірнеше күннен бері бейбіт жатқан ереуілшілерді күш құрылымдары қуып таратып жатыр. Жүздеген адам жарақат алған.
Оппозиция жақтастарын таяқтаған тәртіп сақшыларының әрекеті ереуілшілер тіпті ызасын келтірді. Сөйтіп Киевтің қалалық әкімшілігі мен тағы бірнеше ресми ғимаратты басып алды. Қазір олар Үкімет үйінің алдына жеткен.
Арсений Яценюк, «Батькивщина» парламенттік фракциясының жетекшісі:
- Президент Виктор Януковичтің бұл қақтығысты өз бұйрығымен тоқтатуын талап етеміз. Ол елдегі күш құрылымдары басшыларының басын қосып Украинада төтенше жағдай жарияламақ деген ақпарат бар. Егер осы рас болса, бұл шешімі де жақсылыққа апармайды.
Тәртіп сақшыларын тұқыртуға болатынын түсінген жұрт бүгін таңертең Президент әкімшілігіне лап қойған. Бірнеше сағат күш бермеген арнайы жасақтың шебін трактор арқылы бұзды.
Айта кетейік, Вильнюстегі саммитте Еуроодақпен көптен күтілген келісім-шарттарға қол қоймаған ел президентінің әрекетіне қарсы бағытталған бұл баскөтеру. Ал жуырда Виктор Янукович Қытайға іс-сапарға аттанбақ. Қайтар жолда Ресейге соғып бірқатар келіссөздер жүргізеді деп жоспарланған. Бұл да бүгінгі жағдайда отқа май құйғанмен тең болып тұр.
- Қақтығыс басталғалы түн ұйқысы төрт бөлінген Янукович Украина мен Еуроодақ араларынан қыл өтпестей дос болады деп салды ресми сөзінде. Және келмеске кеткен Кеңес Одағынан тірілпейтінін, ол үшін ешқандай ұйымға бас сұқпайтынын айтты. Тек экономикалық саладағы олқы тұстарын бүтіндеп, төрт құбыласы теңелгенде барып Батысқа бет бұрмақ екен. Тек президенттің бұл мәлімдемесіне оппозиция жақтастары сенген жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!