Елбасы туралы жаңа фильмде бұған дейін ешкім көрмеген сирек кадрлар қолданылған
Автор: Гүлнұр Имандосова
02.12.2013
Тұңғыш Президент күні тағы 2 туынды жарыққа шықты. Астанада «Елбасы жолы» киноэпопеясының жалғасы ретінде «От-өзен» және «Теміртау» толықметражды көркем фильмдері көрермен назарына ұсынылды.
Фильм басталмас бұрын көрермендер басты рөлдерді сомдаған кейіпкерлермен сұхбаттасып тіпті олармен суретке түсіп үлгерді. Туынды Елбасының ер жетіп қызықты да қиын өмірге қадам басуын бейнелейді. Бала Сұлтанның жастық шағы, достары, алғашқы махаббаты оқиғалар желісінің басты арқауы. Кадрлардағы шойын балқыту, Теміртау қаласының құрылысы, КарЛаг, Хельсинкиде өткен дүниежүзілік жастар фестивалі, Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеген ВЛКСМ Орталық комитетінің ХІ-ші съезі сияқты деректі хронологиялық кадрлар Ресей мен Финляндияның мұрағаттарынан алыныпты. Фильмнің қоюшы режиссері Рүстем Әбдірәшевтің айтуынша, кино түсіру кезінде елуінші жылдары көлік қатынасына пайдаланған трамвайды табу қиынға соққан екен. Десе де, шығармашылық топ бұл қоғамдық көлікті Башқұртстанның Уфа қаласынан іздеп тауып елге жеткізген.Оқиғалар желісі әлемнің 6 қаласында түсірілген. Жаңа туындыларды көрермендер осы жылдың 14 желтоқсанынан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көре алады.
Рүстем Әбдірәшев, фильмнің режиссері:
- Кино Елбасының өмірбаянының ізімен жүріп отырып 1,5 жыл түсірілді.1958 жылдан бастап 1968 жылды яғни осы аралықтағы 10 жылды қамтыдық.Осы мерзімде өзімнің үзеңгілес шығармашылық топпен осы туындының жарыққа шығуына жол аштық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!