Несиесін жаба алмай көше кезіп кеткен қария әкімдік ғимаратында қайтыс болды
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
03.12.2013
Солтүстік Қазақстанда баспанасыз зейнеткер әкімдіктің босағасында бақилық болды. Жалғызбасты қария банктен алған несиесін қайтара алмай үйінен айырылған екен. Содан қаңғыбастың күйін кешіп суық түскелі әкімдік ғимаратында жан баққан. Атқамінерлер зейнеткердің құжаттарын дайындап қарттар үйіне өткізбек болыпты. Бірақ үлгермеген. Ауруы асқынған қарт ақыры дәрігерге де жете алмай көз жұмды.
Мына суреттер зейнеткердің көзі тірісінде түсірілген. 74 жастағы Юрий Опарин әкімдіктің бірінші қабатында тұрыпты. Түрлі шаруамен келетін ауылдастары мұндағы жағымсыз иістен жиіркенгенімен қаңғыбасты далаға қуып шығуға ешкімнің батылы бармаған.
- Мына жерде кереует болд, Мына жерде киімдері үйіліп жатты.
Осы жерде еден сыпырушы болып істейтін Айсұлу Рамазанова зейнеткердің уақытша тұрағын тазалап, ыдыс аяғын жуып беріп тұрған. Ауылдастары болса зейнеткердің ас-суын әкеліп беріпті. Бір қызығы, көзі тірі жанды халыққа қызмет көрсету орталығы мамандары өлдіге санап келген.
Шынар Балтабаева, Петерфельд ауылдық әкімдігінің маманы:
- Оны ЦОН-ға да апардық, Бишкулге жедел жәрдем көлігімен. Суретке түсірдік. Олар сенбей, ондай адам бар екендігіне, расында сондай адам бар дедік. Оны өлді деп ойлаған ғой, біз сондықтан оны суретке түсіріп, тірідей де апардық оны. ЦОН-да істеттік куәлікті уақытша.
Юрий Опарин соңғы жылдары ғана кезбенің күйін кешкені болмаса өмір бойы Петропавл іргесіндегі осы ауылда тұрыпты.
- Қаңғыбас жан Петерфельд ауылының мына орталық көшесінде тұрған екен. Үйін банкке кепілдікке қойып несиесін төлей алмапты. Сол үшін банк оның жалғыз баспанасын тартып алып өзін қаңғыртып жіберген.
Бес жыл бойы Петропавлдың құбырларын паналап келген қария соңғы үш айын туған ауылында өткізіпті. Өлерінің алдында марқұм әкесінен безген балаларын іздеген көрінеді.
Айсұлу Рамазанова:
- Соңғы уақытта шақырды мені ол қызым деп. Отырды тұрды. Үстіне барды, астына қайтадан түсіп жүрді. Осында кіші дәретте отырып жүрді. Осы жерде кәдімгідей.
Шенділер оның құжатын қайта ресімдеп қарттар үйіне дайындаған екен. Алайда үлгермепті. Дәм тұзы таусылып қария көз жұмған күні ғана табылған ұлы мен қызы әкелерін ауылдағы зиратқа жерлеп кеткен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!