Курортты аймақтағы тұрғын үйде жойқын жарылыс болды
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
03.12.2013
Ақмола облысының Зеленый бор кентіндегі тұрғын үйде жарылыс болды. Түн ішінде курортты аймақты жаңғыртқан дүмпуден тұрғындар шошып қалған. Кейін жарылыстың үйге кіреберістегі қоқыс тастайтын құбырдан шыққаны анықталыпты. Кейін ол өртке ұласып тұрғындар көйлекшең көшеге қашқан.
5 қабатты үйдегі жойқын жарылысты Зеленый бор кентінде естімеген жан кемде - кем. Түнгі екілер шамасында шошып оянған жұрт түк түсінбей сыртқа ұмтылған.
Галина Сундерева, Зеленый бор кентінің тұрғыны:
- Қатты гуіл тұрды. Содан оянып кеттім. Енді шықсам 3-ші қабат өртеніп жатыр. Өрт сөндіру қызметіне хабарлап көршілерді ояттық. Сыртқа беттегеніміз сол еді, күшті жарылыс болды.
Мәрияш Балтабаева, Зеленый бор кентінің тұрғыны:
-Ракета ұшқан сияқты дыбыс шықты. Даусы 5- қабатқа жетті де жарылды. Сол түннен бізді шығарып жіберді, содан бері кіргеміз жоқ.
Қоқыс салатын құбырдағы жарылыстан үйдің шатырына дейін опырылып қабырғалары қақырап кеткен. Арты өртке ұласыпты. Құдай сақтап жапа шеккендер жоқ. Дегенмен құлағалы тұрған үйге тұрғындар екінші тәуліктен бері кіре алмай жүр. Қазір олар бала-шағаларымен туыстарының үйлерін паналауға мәжбүр. Ал арнайы құрылған комиссия қазір шыққан шығын мен үйге келтірілген залалды есептеуде.
Рамазан Әсіп, Бурабай ауданы әкімінің орынбасары:
-Қазір комиссия қарастырып жатыр, ТЖД қортындысын берген соң қаржының көлемі анықталады. Сосын төбенің плиткаларын алып қайта жуып жөндеп береміз. Бүгін біту керек комиссияның жұмысы
Комиссия әлі қандай қорытынды жасайтыны белгісіз. Тұрғындардың айтуынша, бірнеше пәтердің қабырғалары қақыраған. Ал шатырда 18 плита жарамсыз болып қалған. Сондықтан, олардың жақын арада үйге кіруі екіталай.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!